Мәжіліс депутаттары «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» аясында салынып жатқан нысандарда болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде демалысқа шыққан Мәжіліс депутаттары Сапар Ахметов, Мәулен Әшімбаев, Жамила Нұрманбетова және Ирина Унжакова елордада өздерінің сайлаушыларымен кездесу өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс депутаттары «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» аясында салынып жатқан нысандарда болды

Депутаттар ҮИИДБ аясында қызмет етіп жатқан «GLB» құрылыс компаниясының ұжымымен кездесіп, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Алтын Шар» ТК құрылыс жұмыстарымен танысты. Кездесу барысында мәжілісмендер сайлаушыларға Парламенттің екінші сессиясы бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндап, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысынан хабардар етті.

GLB» компаниясы жобасының негізгі мақсаты әлемдік сапа стандартына сай қолжетімді тұрғын үйлерді салу болып саналады. Кәсіпорын қызметкерлерінің атап өтуінше, баспана салуға қажетті барлық құрылыс материалдары Қазақстанда шығарылады. Дайын өнімдер құрылыс алаңдарына жеткізіліп, қысқа ғана уақыттың ішінде баспана тұрғызылады. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілер, білім және денсаулық саласының мамандары үшін баспана құнының төмен болуына септігін тигізеді.

Айта кетерлігі, Мәжіліс депутаттары «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Алтын Шар», «Алтын Шар-2», "Мейір-М" нысандарында болды.