Мәжіліс депутаттары Оралда «Зенит» зауыты ұжымымен кездесті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-ға жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары Бақтияр Мәкен, Снежанна Имашева, Ольга Шишигина «Орал «Зенит» зауыты» АҚ ұжымымен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Онда депутаттар Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері туралы Үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы жөнінде сөз қозғады. О.Шишигина мен С.Имашева мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілгелі отырған өзгерістерге тоқталса, Б.Мәкен Жолдаудың негізгі басым бағыттары турасында әңгімелеп берді. Жиырма бес жыл ішінде көптеген табыстарға қол жеткізіп, әлемге танылған Қазақстан енді үшінші жаңғырту кезеңіне қадам баспақ. Елбасының атап өткеніндей, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары базасында жүзеге асатын бұл кезеңде экономика жеделдетілген түрде технологиялық жағынан жаңғыртылып, бизнес-ортаны түбегейле жақсартуға бағыт ұсталады. Оған қоса макроэкономикалық тұрақтылық пен адами капитал сапасын жақсартуға ерекше мән беріледі. Сондай-ақ институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке, сыбайлас жемқорлықпен күреске байланысты тиісті шаралар алынады. Мұның бәрі ел бірлігі мен жаппай қолдауының арқасында ғана жүзеге асады. Сондықтан әр салада болғалы тұрған өзгеріс-жаңалықтарға әр азаматтың белсене атсалысқаны маңызды.
Кездесу барысында депутаттар қазіргі заманғы кемелер құрастырып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып отырған зауыт жұмысшыларына алдағы уақытта да табысқа жетулеріне тілектестігін білдіріп, сонымен қатар конституциялық өзгерістерге қатысты өз ұсыныс-тілектерін заң шығарушы органға жеткізуді ұсынды.