Мәжіліс депутаттары Павлодар өңірінде энергетика мәселелерін зерделеуде

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген көшпелі отырысы шеңберіндегі Павлодар облысындағы жұмыс сапары одан әрі жалғасты,

Мәжіліс депутаттары Павлодар өңірінде энергетика мәселелерін зерделеуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ерлан Нығматулин жетекшілік ететін комитет мүшелері бірқатар өнеркәсіп кешендері мен әлеуметтік нысандарда болды. Атап айтқанда, ENRC тобы құрамына енетін «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ және «Қазақстан алюминиі» АҚ өндіріс орындарының қызметімен танысты. Сонымен қатар ENRC-тің тұрғын үй бағдарламасына сәйкес салынып жатқан тұрғын үйлерді көрді, балабақша мен Павлодар алюминий зауытының медициналық орталығында болды. Сондай-ақ депутаттар Ақсу қаласына барып, Ақсу жылу-электр орталығының екінші энергоблогын жөндеу жұмыстарымен танысты және Еуразиялық энергетикалық корпорациясының балық шаруашылығында болды.

Бұл сапардың мақсаты - Павлодар облысындағы энергия тұтынушы кәсіпорындар мысалында энергетиканы және энергия үнемдеуші технологияларды дамыту перспективаларын зерделеу. Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауының ережелерін іске асыруға даярлығын бағдарлау мақсаты көзделіп отыр.

Комитеттің көшпелі отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қоршаған ортаны қорғау, Индустия және жаңа технологиялар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің орынбасарлары, Экономикалық даму және сауда министрлігіне қарасты департамент директоры, Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ ENRC компаниясының өкілдері қатысуда.

Сол секілді осы шараларға Қазақстанның тауар өндірушілері және сарапшылары одағының, республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының, тау-кен металлургиялық өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподағының өкілдері қатысу үстінде.

Көшпелі отырыс Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымының үшінші сессиясына арналған негізгі жоспарына сәйкес жүзеге асып отыр.