Мәжіліс депутаттары пойыз билеттерінің алыпсатарлығына қатысты жауапкершілікті қатайтуды талап етуде

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары пойыз билеттерінің алыпсатарлығына қатысты жауапкершілікті қатайтуды талап етуде. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған дөңгелек үстел барысында мәлім болды.

Мәжіліс депутаттары пойыз билеттерінің  алыпсатарлығына қатысты жауапкершілікті қатайтуды талап етуде

Көлік және коммуникация министрлігінің Жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жалпы қауіпсіздік мәселелеріне байланысты депутаттардың бастамаларымен бірқатар мәселелер заң жобасында қамтылып отыр. Атап айтқанда, теміржол көлігінде жүк тасымалын лицензиялау туралы бастама Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның мақұлдауынан өткен. «Заң жобасымен мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты қызметтер көрсету, оның ішінде арнайы қондырғылар пайдалану мен түрлі таблолар, Брайль әліпбиін пайдалану секілді қызметтер бойынша вокзал иелерінің жауапкершілігі нақтыланады», - дейді жауапты хатшы.

Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалына қатысты сервистік қызметтер бойынша қалыптасқан жағдайға назар аудара келе, Ж. Қасымбек депутаттардың билет сатылымына қатысты ұсынған бастамаларына тоқталды. «Депутаттар негізінен билет сатылымдарының балама жолдарын дамыта отырып, оны ұйымдастыруды регламенттеуді, сондай-ақ билеттерді сатып алып қайта сатумен айналысатын тұлғаларға жауапкершілікті қатайтуды ұсынып отыр», - дейді ол.