Мәжіліс депутаттары Ресейде құс тұмауының таралуына алаңдаулы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда құс тұмауына қарсы шаралар жеткіліксіз деңгейде. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутаттың атынан ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында Сергей Звольский осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың қаңтарында Мәжілістің 10 депутаты Сіздің атыңызға әлемде құс тұмауының таралуы мәселесіне қатысты сауал жолдаған болатынбыз. Сонымен бірге қаңтардан кейін ахуал ушыға түсті. Атап айтқанда, 30-дан астам мемлекет Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына құс тұмауының таралуына байланысты мәліметтерді бағыттады»,-деп тоқталды Звольский.
Оның сөзіне қарағанда, Ресей аумағында құс тұмауының бірқатар фактілеріне байланысты Қазақстандағы құс өсіру саласына қатысты қауіп алаңдаушылық тудырады. Бүгінде РФ тарапы аталған індетке қарсы вакцинаны сатып алу тұрғысында шұғыл шешім қабылдаған екен.
Депутаттың пайымынша, Қазақстандағы қабылданып жатқан шаралар аталған індеттен келетін негізгі қатерлерді қамти алмауы мүмкін.
Осы орайда депутаттар «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РМК-де құс тұмауынан вакцинаны өндіруді кеңейту шараларына дереу кірісу керектігін, сондай-ақ бұл орталықты ҚР Білім және ғылым министрлігінен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру мәселесін шешу қажеттігін алға тартты.
Олардың пікірінше, бюджет қорындағы қаржыны тарту арқылы ірі құс өсіретін шаруашылықтардағы, кооперативтердегі құстарды вакциналау жұмыстары қамтылуы керек.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын биологиялық қорғау бағытында аталған РМК базасында түрлі қауіпті дерттерге қарсы вакцинаның жаппай өндірісін ұйымдастыру ұсынылды.