Мәжіліс депутаттары Республикалық ұланның қызметімен танысты
АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат. Бүгін Республикалық ұланда Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста аталған комитеттің хатшысы Виктор Рогалев сөз сөйлеп, Қазақстан Президентінің 1992 жылғы наурыздың 16-сындағы Жарлығымен жасақталған әскери құрылымның ел қауіпсіздігін қорғауда алатын орнын атап өтті.
Республикалық ұланның қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов комитет мүшелеріне он жеті жылдан бері атқарып келе жатқан істерімен таныстырып, бейне көрініс көрсетті.
Республикалық ұлан құрылған күнінен бастап жауынгерлік әзірлікке, командирлік және жауынгерлік даярлыққа, тәрбие мен әлеуметтік-құқық жұмысының сапасына, қарулану, техникамен жарақталу және тыл істеріне ерекше көңіл аударады. Ол соғыс және төтенше жағдай туа қалғанда Қазақстан заңнамасына сәйкес әрекет ету үшін жоғары жауынгерлік және шұғыл-қызметтік әзірлік жағдайында болуға мүмкіндік туғызады. Күн сайын 119 жауынгер қызметтік күзетте тұрады.
2001 жылдан бері Республикалық ұлан Президенттің күзет қызметімен, Қорғаныс министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктерімен бірлесіп істер атқаруда.
Қоян-қолтық шайқастан Республикалық Ұлан Қолбасшысының кубогы жолындағы халықаралық жеке-командалық турнир жыл сайын өткізіліп тұрады. Аталған спорт түрінен биыл тоғыз ел қатысқан Азиялық ойындар жарысы өткізіліп, Қазақстан командасы бас жүлдеге ие болған. Волейболдан өткізілетін турнирде де жетістіктерге жетіп келеді.
Әлеуметтік қамтамасыз етуге де баса назар аударылып отыр. 2006 жылы әскери қызметкерлерге 120 пәтерлік үй берілген, 2008 жылы 72 пәтерлік үй Алматыдан, 60 пәтерлік үй Астанадан тапсырылған. Осыларға қосымша жас отбасылық жатақхана да берілді. Өткен жылдан әскери атақтары мен біліктіліктері үшін айлықтарына қосымша қосыла бастады.
Ұландықтар еліміздегі патриоттық тәрбиеге ерекше үлес қосып келеді. Қазақстанның атын алысқа да шығарып отыр. Биылғы қыркүйектің 5-інде Республикалық ұланның құрмет қарауылы ротасы мен Президенттік үрлемелі аспаптар оркестрі Мәскеуде өткен «Спасск мұнарасы» атты халықаралық әскери-музыкалық фестивальге қатысып, Кремль алаңында көрермендер ризашылығына бөленді.
Республикалық ұлан шет мемлекеттердің өздері сияқты құрылымдарымен, Ресейдің Президент полкімен, Тәжікстан мен Қырғызстанның Ұлттық гвардияларымен әріптестік қарым-қатынаста.
Республикалық ұланның осындай атқарып отырған істерімен танысқан комитет мүшелері оларға Отан қорғау жолындағы атқарып отырған жауапты істеріне табыс тіледі.