Мәжіліс депутаттары Санкт-Петерборда заң шығарушылық тәжірибемен бөлісуде
АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған делегация Санкт-Петербор қаласындағы парламентаралық шараларға қатысуда.
Санкт-Петерборда ТМД елдері және ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары және Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) аясында бірқатар шаралар өтуде.
ТМД-ға мүше мемлекеттер үшін Сот құрылысы және судья мәртебесі туралы Кодекстің үлгісін дайындау жөніндегі ТМД ПАА-ның жұмыс тобының отырысына Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов қатысты. Ал Мәжіліс депутаты Уәлихан Қоңырбаев ҰҚШҰ ПА-ның қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында болды. ҰҚШҰ ПА-ның саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына депутат Камал Бұрханов қатысты.
Санкт-Петербор қаласындағы парламентаралық шаралар қазанның 29-ына дейін жалғасады.