Мәжіліс депутаттары ШҚО тұрғындарымен шалғай ауылдардың мәселелерін талқылады
Тұрғындармен кездесуде Нұртай Сабильянов әлеуметтік-экономикалық мәселелер, соның ішінде автомобиль жолдарын жөндеу, тұрғын үй салу және тұрғындарды жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселелерге назар аударды.
Сондай-ақ, мемлекеттік экономиканы карантиннің зардаптарынан қалпына келтіру бойынша қабылдаған шараларға байланысты және соған сәйкес әлеуметтік саланы дамыту, аз қамтамасыз етілген азаматтарға, білім беру және медициналық мекемелерге көмек көрсету мәселелері де қамтылды.
Нұртай Сабильяновтың айтуынша, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, электр энергиясын жеткізуді арттыру, көмір бағасы, тұрғын үй салу, жолдарды жөндеу және пошта байланысын жақсарту ерекше назарда.
Сапар барысында депутат Абай ауданының Қарауыл ауылында жергілікті тұрғындарымен кездесіп, таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын, жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысы мен тұрғын үйлерге барып, құрылысшылармен жүздесті.
Ал, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дәрігерлермен жүздескен Нұртай Сабильянов ауданаралық ауруханада жаңадан ашылған, заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталған ангиографиялық бөлімнің жұмысымен танысты.
Депутат халыққа жоғарғы деңгейде медициналық қызмет көрсетіп жатқан ақ халатты абзал жандардың адал еңбектері үшін алғыс білдірді.
Іссапар барысында депутат Шығыс Қазақстан облысының орталығынан 570 шақырым жерде орналасқан Алғабас, Қайнар, Абыралы ауылдарында халықпен кездесті.
Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік, медициналық көмек көрсетуді арттыру, мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету, таза ауыз сумен қамтамасыз ету (Алғабас, Абыралы), электр жарығының қуаттылығын арттыру, көмірдің бағасын реттеу, тұрғын үй салу, жол жөндеу, почта қызметін жақсарту мәселелері үнемі назарда болуы тиіс.
Сондай-ақ, депутат республикалық маңызы бар Семей-Қайнар автожолын жөндеу, жаңа көпір салу жұмыстары барысымен танысты.
Тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Мәжілістің заң шығарушылық жұмысында назарға алу үшін мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ерекше мән берді.