Мәжіліс депутаттары соғыс ардагерлерін коммуналдық төлемдерден біржолата босатуды сұрайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысына қатысқан ардақты ардагерлерді коммуналдық төлемдерден біржолата босатуымыз керек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Алдан Смайыл осы мәселені көтерді.
«Ұлы Отан соғысы секілді сұрапыл адамзат тарихында болған емес. 30 млн.-ға тарта адам ажал құшты, сан мыңдаған боздақ қыршын кетті. Концлагерьлерде жан түршігерлік азаптан өлгендер мен зорлық-зомбылыққа ұшырағандарың жан зары әлі күнге естілетіндей. Фашизмнің жыртқыштығы мен жауыздығы ортағасырлық инквизициядан әлдеқайда асып түсті. Адамзаттың жартысына құлдық, жартысына жойылып кету қаупін тудырып, тіршілік тынысын тарылтты. Міне, осындай ақырзаманнан жер жаһанды құтқарып қалған ерлер «адамзатты азат етушілер» деуге лайық», - дейді А.Смайыл.
Депутат бүгінде сол қаһармандардың қатары әбден сирегенін айтады. Оның ішінде Қазақстандағы ардагерлер саны 6 300 ғана. Онда да көбінің жасы 90-нан асқан.
«Мәскеуді қорғаған, Киевті азат еткен, Еуразияға тыныштықты қайтарып берген, Берлинге жеңіс туын тіккен батырлар енді ақсақалды алдиярлар. Ендеше, осы ардақты ардагер аталарымызды, баршамызға бүгінгі бейбіт өмір сыйлаған асылдарымызды Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында құрметтеп, қуантайық. Оларды коммуналдық-тұрмыстық төлемдерден біржолата босатайық. Суды да, жылуды да, электр қуатын да тегін пайдалансын. Кеудесін оққа төсеген ерлерді өнегелі ұрпақтың жүрек жылуына осылай бөлесек игі», - деді депутат А.Смайыл.
Бұл сауалға Мәжілістің бірқатар депутаттары қол қойған.