Мәжіліс депутаттары сот жүйесін жетілдіруге қатысты құжат бойынша палатааралық келісім комиссиясын құру қажет деп тапты
АСТАНА. Қазанның 20-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында комитет өкілдері «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты бірқатар мәселелер бойынша Сенат депутаттарымен келіспейтіндіктерін білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста аталмыш құжатқа қатысты өзінің пікірін білдірген Жоғарғы сот өкілі Әбдірашит Жүкеновтің айтуынша, аталмыш заң жобасының талаптары тек келесі жылдың басынан бастап күшіне енеді. Заң жобасын жылдамдатып қабылдау үшін тап қазір Сенат енгізген ұсыныстармен келісуге болады. Алайда бұл пікірмен Мәжіліс депутаттары келіспей отыр. Олар мәселені оңтайлы шешу үшін Сенат пен Мәжіліс арасында арнайы келісім құру қажеттігін алға тартып, аталмыш комиссия құрамына Серік Темірболатов пен Рамазан Сәрпековты енгізуді ұсынды. Депутаттардың арасында дау тудырып отырған мәселе, заң жобасындағы адамның аты-жөніне қатысты талаптармен байланысты болып отыр. Мәжіліс депутаттары адамның аты-жөніне қатысты мәліметтердің қатарында оның туылған күні мен жылы да көрсетілуі қажет деп есептейді.
Осыған орай заң жобасының сот жүйесінің қызметін жетілдірудегі басты әрі маңызды құжаттардың бірі екендігін ескерткен Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев, «Сенат депуттары заң жобасына Мәжіліспен бірге талқыланбаған мәселе бойынша өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Сондықтан біз құжатқа қатысты біржақты шешім шығаруға асықпай, мәселенің мән-жайын анықтап, бүге-шігесіне дейін жан-жақты қарастырып алғанымыз жөн», деп атап көрсетті.
Заң жобасы Парламент палаталары өкілдерінен құрылған келісім комиссиясының отырысында қаралады.