Мәжіліс депутаттары студенттерге Елбасы Жолдауын түсіндірді
АЛМАТЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Сергей Дьяченко мен Мәжіліс депутаты Ержан Рахметов Алматыдағы азаматтық авиация академиясының студенттері және оқытушыларымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесудің басты тақырыбы биылғы Елбасы Жолдауы болды. Мәжіліс депутаттары бұнымен қатар былтырғы жылы Парламент тарапынан атқарылған жұмыстарды атап өтіп, өздері мүшесі болып табылатын «Нұр Отан»ХДП-ның жұмысы жайлы да сөз қозғады.
Сергей Дьяченконың айтуынша, былтырғы жылы қарастырылған 120 заң жобасының 32-і қабылданып, жүзеге асырылған. «Бұл заңдар дағдарыс уақытында елімізге қажетті негізгі заң жобалары болды. Биылғы жылы да еліміздің өміріне қатысты, әсіресе әлеуметтік маңызды бағыттағы заң жобалары қабылданады деп сенемін. Жалпы алғанда еліміз дағдарыстан еш шығынсыз шығып үлгерді. Бұл біздің бірлігіміздің арқасында. Алдағы уақытта да Елбасы биылғы Жолдауда көрсеткен бағыттарды негізге ала отырып, дамуға бет түзеген көшімізді жалғастыруымыз қажет. Біз жарқын болашақты қалаймыз. Осы бағытта бірге болуымыз керек», деді С.Дьяченко. Ол сондай-ақ студенттерге биылғы Жолдаудың ерекшелігін атап өтіп, әрбірінің мұқият танысуын, сондай-ақ әрқайсысының бұған үлес қосуға талпынуы қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Е.Рахметов биылғы Жолдаудың ерекше екендігіне тоқталды. «Биыл тағы бір 10 жылды артқа тастадық. Биылғы Жолдауда алдағы 10 жылдың мақсат-міндеттері айтылған. Дағдарысқа қарамастан Елбасы бәрімізді болашаққа күдіксіз көз тастап, жалтақсыз дамуға қадам жасауды ұсынып отыр. Сондықтан Жолдауда көрсетілген мақсаттардың орындалуына үлес қосу - парыз», деді Мәжіліс депутаты.