Мәжіліс депутаттары студенттермен кездесті
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Кеше ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Жазин мен Жексенбай Дүйсебаев Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттер және ұстаздар қауымымен кездесіп, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы турасында пікір алмасты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Өңірдегі іргелі оқу орнында алты мыңға тарта студент бар. Олардың 1 200-і мемлекеттік грант бойынша білім алып келеді. Мәжіліс депутаттары Елбасының жаңа Жолдауында студенттерді, оның ішінде жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып отырғандарды, аз қамтылған отбасылардың жеткіншектерін материалдық жағынан қолдау қажеттігіне ерекше назар аударылғанын атап көрсетті. Сол бойынша банктерге тапсырыстар беріліп, студенттерге жеңілдетілген, ұзақ мерзімді несиелер алу шешімін тауып отыр. Бұл ретте аталмыш оқу орнында да бірқатар шаралар жүзеге асырылып отыр. Қазірдің өзінде 169 оқу үздігі грантқа ауысу туралы өтініш тапсырса, 29 аз қамтылған отбасының ұл-қыздарына әлеуметтік көмек қарастырылуда, оның сыртында облыс әкімінің 16 грантының иегерлері айқындалып жатыр. Халық қалаулылары Жолдау аясындағы әлеуметтік мәселелерді тілге тиек ете отырып, жас буынның терең білім алуы, жақсы маман болып шығуы, білікті кадрлардың ел игілігіне абыройлы қызмет етуі Елбасының басымдық жасап отырған бағдарламасы екеніне назар аударды. Кездесу барысында студенттер мен ұстаздар өз сауалдарына нақтылы жауап алды.