Мәжіліс депутаттары заң жобаларына жүргізілетін сараптау жұмыстарының сапасын жетілдіруге қатысты мәселелерді талқыға салды
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің ұйымдастыруымен заң жобаларын сараптау жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталған халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараға Парламент депутаттары мен Президент Әкімшілігінің министрліктер мен ведомстволардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері мен ғалым сарапшылар қатысты. Басқосуда олар заң жобаларының сапасы мен оны жетілдіруге қатысты қалыптасып отырған кең ауқымды мәселелерді сөз етті.
Отырыста күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтың сөзіне қарағанда, заң жобаларының сапасын кәсіби әрі жан-жақты бағалау Парламентке мемлекеттің заң шығарушы органы ретінде аса маңызды. «2004 жылдың маусым және қазан айларында «Нормативті құқықтық актілер туралы» заңының
22-ші бабына түзетулер енгізілді. Қазіргі таңда осы заңға енгізілген жаңа талаптар бойынша Парламентке енгізілетін заң жобаларына құқықтық, экологиялық, қаржылық, жемқорлыққа қарсы және өзге де ғылыми сараптамалар жүргізу міндетті. Бұл ретте заң жобаларына жүргізілетін сараптаулардың түрлері аталмыш актілер реттейтін құқықтық қатынастарға байланысты. Аталмыш талаптар тек Президент енгізген заң жобаларына ғана қолданылмайды», деді депутат.
Оның пікірінше, заң жобаларының сапасын арттыруға бағытталған осы тектес құқықтық талаптарға қарамастан сараптау саласында әлі де болса ұйымдастырушылық және өзге де бірқатар тәжірибелік бағыттағы проблемалар қалыптасып отыр. Өз кезегінде олар Парламент жұмысының қарқынды жүруіне кедергі келтіруде. «Аталмыш мәселені шешу үшін оған қатысты жүйелі шаралар қолдану қажет. Олай болмаған күнде біз Үкімет пен мемлекеттік органдар бастамашы болған заңдарды ұдайы түзетіп отыратын боламыз», деді халық қалаулысы.