Мәжіліс депутаттарының атына жеті мыңға жуық арыз-шағым келіп түскен

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының атына екінші сессия барысында жеке және заңды тұлғалар тарапынан жеті мыңға жуық өтініш пен арыз-шағымдар келіп түскен. Бұл мәлімет Парламенті Мәжілісі Аппаратының жасаған қорытындысында көрініс тауып отыр.
None
None

6777 хаттың мазмұнына назар аударсақ, оның басым бөлігі, яғни, 3681 азаматтың арыз-шағымы әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ сот әділдігі және құқықтық тәртіп мәселелері - 1265 хатта, экономикалық реформа туралы ой-пікірлер 1038 хатта көрініс тапқан. Ал заң жобалары бойынша өз ұсыныстарын берген 213 хат келіп түскен екен.

Сонымен бірге азаматтар өз хаттарында денсаулық сақтау мәселелері (363), ғылым және білім беру мәселелері (192), экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері (25) бойынша депутаттардың назар аударуын өтінген.

Еліміздің өңірлеріне бөліп қарасақ, өтініш білдіруде Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр. Парламентке алматылықтар 1324 хат жолдаса, астаналықтар 1133 өтініш берген. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан (819), Шығыс Қазақстан (640), Қарағанды (479), Алматы (427) және Ақтөбе (338) облыстарының тұрғындары көптеген мәселені көтеріп, хат жолдаған.

Айта кету керек, хат-хабарлар тек еліміздің тұрғындарынан ғана емес, ТМД елдерінің азаматтарынан да келіп түскен. Сараптама жасалып, іріктелген жеті тақырып бойынша көрші елдерден барлығы 228 өтініш қабылданған. Мұның ішінде де әлеуметтік мәселелерге (133) басымдық берілген.

Соңғы жаңалықтар