Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың өңірлерге сапары және олардың қандай міндеттер орындайтыны жөнінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ертеңнен бастап біздің депутаттық корпус сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға шығатын болады. Ең негізгі мақсатымыз - Елбасының биылғы Жолдауын және оның барлық басым бағыттарын әрбір азаматқа, әрбір отбасыға жеткізу. Сонымен бірге, алда тұрған үлкен міндеттерді заң жағынан қамтамасыз ету жұмыстарын да жан-жақты түсіндіру керек», - деп тоқталды Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда палата төрағасы депутаттар ел өңірлерін 18-27 қазан аралығында аралайтынын нақтылады.
«Депуттардың халықпен дәстүрлі кездесулері облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар аудан орталықтарында, елді мекендерде, ауылдарда өтетін болады. Әрбір сайлаушыға дейін жету өте маңызды. Сондықтан осы кезеңді тиімді әрі белсенді пайдалану керек. Өйткені Жолдау жүктеген негізгі міндеттер халыққа егжей-тегжейлі жетуі тиіс», - деп түйді Нұрлан Нығматулин.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Мұнымен қоса, жалпы отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев биылғы жылы инфляция 5-7 пайыздық мақсатты дәлізде қалатынын атап өтті.
Сонымен қатар, жыл басынан бері валюта нарығында теңге бағамы 10,4 пайызға әлсірегені белгілі болды.