Мәжіліс депутаты Алакөлге алаңдаулы

АСТАНА.  3 қазан. ҚазАқпарат - Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан Алакөл көлін қамқорлыққа алып, оны мемлекеттік қорыққа айналдыру қажет.
None
None

   Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Серікбай Нұрғисаев осы мәселені көтерді.

«Алакөл Іле Алатауының Тарбағатай тауымен сілемдесетін тұсында Жер-Ананың жанарындай төңкеріліп жатыр. Ұзындығы - 120, ені 45-50 шақырымға созылған осынау көлге Еміл, Қатынсу, Үржар сияқты ірі өзендермен қатар, Алатау сілемдерінен ұсақ онға тарта өзен құйылады. Көлден сыртқа шығатын өзен жоқ. Сондықтан да болар, көктемде қар еріген уақытта Алакөл­ге екі таудың, бүкіл Үржар өңірінің қар суы келіп тоғысады. Соның салдарынан Алакөл көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Көл соңғы 10 жылда көлемі жағынан екі есеге дейін артқан», - дейді Серікбай Нұрғисаев.

 Бұл ретте депутат Кеңестер Одағында көлге, оның биоресурстар қорына айтарлықтай қамқорлық жасалғанын, ата-бабасы көл жағалап күн көрген байырғы балықшылар да көл байлығын көздің қарашығындай сақтағанын алға тартады.  Оның айтуынша, көл суының шипасы да  керемет. «Сонау Кеңес одағы кезінде-ақ, мәскеулік ғалымдар оның емдік қасиеттерін зерттеп, ғарышкерлер демалатын арнайы жабық жағажайлы демалыс орнын ашқан. Мұнда сол кезде 30-ға тарта ғарышкер ден­саулықтарын түзеп қайтты. Көл суы минерал­дық қоспаларға бай, адам ағзасындағы имму­нитетін арттыратын, жұқпалы тері ауруларын жазатын қасиетке ие. Көлдің бір литр суында 9-10 грамға дейін минералды қоспалар, родон сияқты химиялық элементтер бар. Аяғын баса алмаған жандар, әсіресе, Ресейдің Сібір өңірлерінің тұрғын­дары мұнда көл жағасына тігілген киіз үйді 1 айға жалдап алып, балшығына, суына емделіп, құлан-таза сауығып, еліне оралып жатыр. Ал, қазақстандықтар Алакөлдің бағасын енді-енді бағамдай бастаған сыңайлы», - дейді С. Нұрғисаев.  Оның сөзіне қарағанда, жылына 150 мыңнан астам демалушы келетін көл жағасындағы санитарлық жағдай да алаңдатарлық.

«Сондықтан да, Алакөліміздің әсем де шипалы келбетінен айырылып қаламыз ба деген қорқыныш бар. Алакөл  екі облыстың - Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Екі облысқа ортақ көл, сондықтан осыны да есте сақтап, бірлесіп осы түйінді мәселені шешсек, нұр үстіне нұр болар еді. Алакөлдің бүгінгі бай флорасы мен фаунасын болашақ ұрпаққа сақтау үшін оны мемлекеттік қорық етіп жариялау керек», - дейді С. Нұрғисаев.

Соңғы жаңалықтар