Мәжіліс депутаты Алматы әуежайының ұшақтарды кідіртуін сынға алды

АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты Тұрарбек Асанов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, Алматы халықаралық әуежайы туралы мәселе көтерді,

Мәжіліс депутаты Алматы әуежайының ұшақтарды кідіртуін сынға алды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутаттың айтуынша, 2008 жылы күзде Алматы әуежайында жаңадан екінші ұшып-қону алаңы іске қосылды. Ашылу салтанатында әуежайдың өкілдері жаңа ұшу алаңы қолайсыз ауа райына байланысты болатын ұшақтардың кідіруі сияқты мәселелерді толық шешетінін мәлім етті. Сондай-ақ тұман болып, жер нашар көрінген жағдайда қону алаңына жарық арқылы белгі беріп тұратын жаңа технология орнатылғаны, екі бағытта да қонуға мүмкіндік жасайтын жаңа заманғы қондырғылармен қамтылғаны айтылды. Сол секілді бұрынғы әуежай өртеніп кеткен соң, 2004 жылы жаңа әуежай терминалы салынып, пайдалануға берілгенде де озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылды, енді бұрынғыдай мәселелер туындамайды деп сендірген еді. Алайда, ауа райының алғашқы бұзылуынан бастап-ақ ұшақтардың қона алмай, кідіру жағдайы тағы да қайталанды. Депутат тұман күндері Алматы әуежайы бір тәулік бойы әуе кемелерін не қондыра алмағанын, не ұшыра алмағанын, содан кейін Алматыға келген ұшақтар қаланы айнала ұшып жүріп, келген мекеніне кеткенін немесе жақын қалалардың әуежайына барып қонғанын айтты. Сол секілді осындай жағдай биыл қаңтардың 17-сі күні орын алған. Амстердамнан Алматыға ұшып келген жолаушылар авиалайнері қаланың үстінде төрт сағат бойы ұшып жүріп, ақыры қона алмаған соң, Қарағанды әуежайына барып амалсыз транзиттік жағдайда қонуға мәжбүр болды. Бұл ұшақтың бортында 120 адам болды, оның 30-ы жас балалар. Қорытындысында авиалайнер жеті сағаттың орнына, 12 сағат бойы аспанда ұшып жүрді. 2009 жылғы 26 қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты тағы да авиарейстерді қабылдамады. Осы мысалдардан-ақ Алматы әуежайындағы жаңадан салынған екінші ұшып-қону алаңы үмітімізді ақтамағанын көруге болады. Жаңа алаңды салуға 143 млн АҚШ доллары жұмсалған. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген қаржының қомақты екенін баса айтқан жөн.Алматы әуежайы қайта салынса да, жаңа алаңы іске қосылса да, тұманды күні ұшақты қабылдай алмай келеді. Бұл жағдай әлі қанша уақыт бойы жалғаса беретінін ешкім білмейді. «Қысқы мерзімде тұман түсуіне байланысты авиарейстердің қонуы мен ұшуының кідіруі Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін көкейкесті мәселеге айналып тұр. Және де шетелдік қауымдастық алдында Қазақстанның беделіне нұсқан келтіріп тұр. Әсіресе, үлкен халықаралық форумдар өткен кезде, жоғары мәртебелі меймандар келгенде әуежайдың ұшақтарды уақтылы қабылдай алмауы елдігімізге ? сын. Біздің еліміз 2011 жылы қысқы спорт түрлерінен Азия ойындарын өткізу қарсаңында бұл мәселенің өзекті бола түсері анық. Ел тұрғындары үшін әуежай қызметінің қымбат екені де анық. Еліміздің әуежайларында осындай қордаланып қалған мәселелер бар»,- дейді депутаттық сауалында Т.Асанов.