Мәжіліс депутаты Арнасай ауылында кездесу өткізді
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты Уәлихан Қоңырбаев «Нұр Отан» партиясының тапсырмасы бойынша Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы Арнасай ауылдық округіне барып, тұрғындармен жүздесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл бұрын Вячеслав кеңшары болған. 2008 жылы Арнасай тарихи атауын қайтарып алған. Астанадан 52 шақырым қашықта орналасқан. Ауылдың іргесі 1902 жылы қаланған. Ауылмен іргелес Бабатай стансысы бар. Бұл бекет те Арнасай ауылдық округіне қарайды. Ауыл әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, Арнасай ауылы мен Бабатай стансысында қазір 1200-ден астам тұрғын бар. Оның ішінде 118-і зейнеткер болса, 4-еуі - жұмыссыз, 9-ы - тыл еңбеккерлері. Осы ауылда алты шаруа қожалығы бар, олар егін егумен және мал азығын дайындаумен айналысады. Арнасай ауылдық округінің әкімі Александр Гутяр Мәжіліс депутатына елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді.Ауыл тұрғындарының басым бөлігі, яғни, 54 пайызы орыстар, 28 пайызы қазақтар және 18 пайызы өзге ұлт өкілдері болып келеді. «Арнайы ауылға барғандағы ойым алыс елді мекендердегі тұрғындардың тұрмысымен танысып қайту еді. Бірнеше орындарда болдым. Ең бірінші байқағаным, бұл ауылдың тұрғындары жақсы тұрады екен. Бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанына куә болдым. Әрбіреуінің өз шаруашылықтары бар. Малдарын бағып, бау-бақшасын өсіріп, істеген еңбектеріне орай табыстарын тауып жатыр. Қазір ауыл адамдары көктемгі науқандық жұмыстарға дайындалу үстінде»,- дейді депутат Уәлихан Қоңырбаев.Депутатпен бірінші кездесу мектептен басталды. Ұстаздар мен оқушылар халық қалаулысына білім беру саласының жаңалықтары, ұлттық бірыңғай тестінің ерекшеліктеріне қатысты және шетелге барып оқығысы келетіндерге қандай талаптар қойылатындығы туралы сұрақтар қойды. Оның барлығына депутат У.Қоңырбаев жауап беріп, еліміздегі білім беру, әлеуметтік саланы қолдауға қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде, Мемлекет басшысының биылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауы, одан туындаған мәселелердің жүзеге асырылуы жайында әңгімелеп берді.Ауылдағы орта мектепте барлық пәндер бойынша мұғалімдер жеткілікті. Орыс тілінде дәріс беріледі. 23 тәлімгер ұстаз еңбек етеді. Барлығы 150 оқушы бір ауысымда оқиды. Балаларды кешенді түрде тамақтандыру қызметі жолға қойылған. Бастауыш сынып шәкірттері тегін тамақтанса, 5 сыныптан бастап оқушылар түскі тамаққа бар болғаны 25 теңге төлейді. Орта мектеп директоры Татьяна Немцан білім беру саласында атқарып жатқан қызметі туралы баяндап берді.