Мәжіліс депутаты әскерге жарамсыздарды құрылыс батальондарына жіберуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев ҚР Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктеріне инженерлік-құрылыс батальондарын құру қажеттілігі жөнінде Үкіметке ұсыныс жолдағанын жеткізді, деп жазады nurtotan.kz.

Мәжіліс депутаты әскерге жарамсыздарды құрылыс батальондарына жіберуді ұсынды

Депутаттың пікірінше, мұндай бөлімшелерге ҚР Қарулы күштер қатарына денсаулығының нашарлығы немесе білімінің сәйкес болмауы салдарынан ене алмаған әскерге шақырылған азаматтарды бағыттауға болады. «Әскерге шақырылған азамат инженерлік-құрылыс батальондарының қатарынан табылғаннан кейін әскери ант қабылдайды, ал бұл дегеніңіз әскери тәртіпке бағыну дегендік. Оны мамандығы, кім болғысы келетіндігіне байланысты ағаш ұстасы, жүргізуші, сылақшы болып бөледі. Оқудан кейін мамандығы бойынша сертификат алады», - дейді Бақытжан Ертаев.

Сонымен қатар депутат өз сөзінде мұндай батальондарды Төтенше жағдайлар министрлігі аясында ұйымдастыруға болатындығын атады.

«Басымызға түспесін әрине, бірақ жер сілкінісі болған жағдайда инженерлік-құрылыс батальон сарбаздары ТЖМ-ге көмек берер еді», - деді депутат. Бұған қоса, Бақытжан Ертаев әскери қызметкерлер отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бірқатар жеңілдіктер енгізу қажеттігіне тоқталды.

«Әскери қызметкерлер - бұл жұмыстағы қауіп-қатер деңгейі жоғары топқа жатады. Өйткені, олар әскери ант қабылдай отырып, мемлекетті қорғау жауапкершілігін алады. Демек, әскери қызметкерлердің отбасына қолдау көрсетудің маңыздылығы орасан. Себебі, олар да әскери қызметтің ауыртпалықтарын көтеріп жүр» - деп түйді Бақытжан Ертаев.