Мәжіліс депутаты атыраулық мүмкіндігі шектеулі анаға баспана сатып алды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов мүмкіндігі шектеулі анаға тұрғын үй сатып алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс депутаты атыраулық мүмкіндігі шектеулі анаға баспана сатып алды
Видеодан алынған кадр

Атырауда тұратын І топ мүгедегі Айгүл Қуанышқалиева 15 жыл бұрын мүгедек арбасына таңылған. Тұрғын үй алу кезегінде 2014 жылдан бері тұр.

Осы кезге дейін ескі тұрғын үйдің екінші қабатынан пәтер жалдап келген. Отбасында күйеуі, бала-келіні, қызы мен үш немересі бар.

«Сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде тұрғындар тарапынан көптеген өтініш пен ұсыныс түскен болатын. Барлығын да назардан тыс қалдырмай, қолымнан келген көмекті көрсетіп келемін. Сондай өтініштің бірі қала тұрғыны Айгүл Қуанышқалиевадан түскен еді. Енді міне, Ораза айт мейрамында Айгүлдің өтінішін орындау мүмкіндігі туды», - дейді Әділ Жұбанов.

Мәжіліс депутаты өзінен көмек сұраған мүмкіндігі шектеулі анаға Атырау қаласынан жеке тұрғын үй сатып алып берді. 2014 жылы салынған жеке баспананың жалпы аумағы – 150 шаршы метр. Оған жөндеу жүргізілген.

Тұрғын үй су, табиғи газ секілді коммуналдық қызметтер желісіне қосылып, тұрмыстық бұйымдармен жабдықталған. 10 сотық жер телімі, ауласында жаздық үйі бар.

«Мен І топтағы мүгедекпін. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Бала-келінім маған көмектесу үшін жұмысқа шыға алмай отыр. Жыл сайын әкімдерге үй сұрап барамын», - дейді Айгүл Қуанышқалиева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық азамат Алматыға жедел жәрдем көлігін сыйға тартқаны хабарланған еді.