Мәжіліс депутаты ауыл мектебінің апатты жағдайда тұрғаны жөнінде мәселе көтерді
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат - Ауыл мектептері жаңа заман талаптарына жауап бере білуі тиіс. Осы орайда бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бауыржан Смаилов Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа депутаттық сауал жолдап, ауыл мектебінің апатты жағдайда тұрғаны жөнінде мәселе көтерді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында білім беру саласын жаңа заман талаптарына сай дамыту жөнінде арнайы айтып өтті. Өркениетке бастаған Қазақстанның білімі мен ғылымы халықаралық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Біздің ұрпақ сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде, ауылдар мен қалаларда білім беру саласының нысандары бұрын болмаған қарқынмен салынып жатыр. Дегенмен, көп жылдар бойы жөндеу көрмеген мектептер де бар.
Депутаттың министрге сауал жолдауына Ақмола облысының Партизанка мен Ортақшыл ауылдарының тұрғындары жолдаған хаттар себепкер болған. Хат жазушылар Партизанка ауылында жаңа мектеп ғимаратын салуға ықпал ету жөнінде өтініш білдірген. Өйткені қазіргі мектеп апатты жағдайда тұр.
1963 жылы сегіз жылдық болып ашылған мектеп екі жылдан соң орта білім беру ордасына ауыстырылған. Осы 50 жылға жуық уақыттың ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген, жылу жүйесі де жаңартылмаған.
Мектеп салу мәселесін тұрғындар көптен бері көтеріп келеді. 90-ыншы жылдары басталған құрылыс тоқтап қалған. 2007 жылы мектептің апатты жағдайы туралы Ақмола облысы, Бұланды аудандық әкімшілігі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманының сараптамасы бар.
Осындай қиындықтарға қарамастан, мектеп түлектерінің ішінде «Алтын белгі» иегерлері, аудандық олимпиада жүлдегерлері болған. Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысында мектеп бітірушілердің нәтижесі аудан бойынша 2-3 орындарды иеленіп келеді.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, үш жылдық республикалық бюджеттің ішіне 2011 жылға көзделген «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Партизанка ауылында жаңа мектептің ғимаратын салу үшін қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын»,- деді депутат Б.Смаилов.