Мәжіліс депутаты ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге несие беру мәселесін көтерді

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Алматы облысында орналасқан 31 шаруа қожалығының жетекшілерінен Мәжіліс депутаттары Тұрарбек Асанов пен Ермұханбет Омаровтың атына хат келіп түскен.

Мәжіліс депутаты ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге несие беру мәселесін көтерді

Аталған шаруа қожалықтары «Талғар» кредиттік серіктестік» ЖШС-інің құрылтайшылары болып табылады.

Өтініш жазғандар «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы соңғы кездері несие ресурстарын алуда бірқатар мәселелер туындап отырғанын мәлімдеген.

Айта кету керек, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге кредиттік серіктестіктер жүйесі арқылы несие беру үшін құрылған. Мұндай тәсіл несие беру мәселелерін шешу кезінде оған қатысушылардың өздерінің қатысуының арқасында сыбайлас жемқорлықтың орын алмауына негіз болды.

Шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан ауылға қолдау жасалғанын шынайы сезіне білді. Өйткені аталған қаржы институтының талаптары қатардағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге де қолжетімді болды. Атап айтқанда, пайыздық өсіміне жеңілдік жасалды, несие алу үшін қажетті құжаттардың қысқа мерзімде толтырылуы мүмкін болды. Осындай оң өзгерістің нәтижесінде көптеген шаруа қожалықтары өздерінің жағдайын жақсарта алды.

Алайда, 2009 жылы, яғни «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-ының басшылығына берілген кезден бастап барлық жағдай өзгеріп кетті. Бұрынғы қызметкерлердің ауысуымен Аграрлық кредиттік корпорацияның мақсаты мен міндеттері де жойылды.

Несие беру үдерісі күрделене түсті және банкі қызметіне ұқсас болды. Несие бөлу процедурасы үш айдан бес айға дейін созылады және көптеген құжаттарды жинауды қажет етіп отыр. Кепілдікке алынатын мүліктер жоғары өтімді болуы талап етілді және көп жағдайда оның құны 1,5-2 есеге дейін төмендетілуде. Соның нәтижесінде қарыз алушы қосымша кепілдікке қоятын мүлкі болмағандықтан, несие алудан бас тартады немесе сұрап отырған несиесінің көлемінен екі, тіпті одан да бірнеше есе аз қаржы алады.

Бұл жағдайды берілген несиелердің көлемінен де анық байқауға болады. Егер алдыңғы жылдары Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер кредиттік серіктестіктер жүйесі арқылы 4 млрд. теңгеге дейін қаражат алған болса, ал үстіміздегі жылы бар болғаны 500 млн. теңге бөлінген. Соның нәтижесінде арарлық сала мамандары егістік егу және ауыл шаруашылығы өнімін жинау жұмыстарын толық деңгейде өткізу мүмкіндігінен айырылды. 8 кредиттік серіктестіктің несие бөлу жүйесі жабылған, ал қалғандары жиі-жиі тексеруден өтуде. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін мемлекеттік қолдаудың бірден-бір қолжетімді түрі болып отырған кредиттік серіктестіктерді жою шаралары мақсатты түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Бізге белгілі болғанындай, мұндай жағдай еліміздің барлық өңірінде орын алып отыр және де осы жайтқа ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер наразы екенін айта кету керек.

Аграрлықтар сонымен қатар ауа райына немесе басқа да құбылмалы жағдайларға байланысты өнім ала алмаған кезеңде несиелерді өтеу мерзімін ұзарту және айыппұл салу санкциясын алып тастау немесе тоқтату жөніндегі мәселелер жылдар бойы шешілмей келе жатқанына көңіл бөлуді сұрайды. Қалай десек те, бұл ауыл шаруашылығы ғой! Жылдың қандай болатынын, мол өнім жинала ма, жоқ па, оны алдын ала ешкім тап басып айта алмайды. Егер биыл жақсы өнім жиналмаса, шаруалар қарызды өтей алмайды, алайда, келесі жыл мол өнім алуға мүмкіндік тууы ықтимал, сол кезде барлық қарызды қайтаруға болады.

Ауыл шаруашылығы өнімін жинау науқанын ойдағыдай аяқтауға және келер жылғы көктемдегі егістік егу жұмыстарына тыңғылықты дайындық жүргізу үшін «Талғар» кредиттік серіктестік» ЖШС-інің құрылтайшылары қалыптасып отырған қиын жағдайдың ақ-қарасын ашып беруді және жоғарыда атап өтілген мәселелердің шешімін табуға ықпал етуді сұрайды.

Осы мәселелердің шешімін табу үшін Мәжіліс депутаты Тұрарбек Асанов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаның атына депутаттық сауал жолдады. Депутат аталған мәселенің мемлекетіміз бен халқымыз үшін өзекті екенін жазған. Бұл сауалды қолдап депутат Ермұханбет Омаров қол қойған.