Мәжіліс депутаты ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру жолдарын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру жолдарын айтты.

Мәжіліс депутаты ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру жолдарын айтты

Еліміздің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі дамыған мемлекеттерден 3 есе төмен болып отырғандығын айтқан депутат оны шешу жолдары жайында да сөз қозғады.

«Біріншіден, Елбасы біздің шығарып жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерімізді терең өңдеу мәселесін Үкімет алдына қойды. Өйткені, қазіргі уақытта біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміздің 70-80 пайызы өңдеусіз сатылуда. Терең өңдеу қосымша құн береді, қосымша пайда әкеледі. Сол арқылы экспортқа шығарып, еңбек өнімділігін арттыруға болады. Екіншіден, былтыр ауылдық копперациялар туралы заң қабылданды. Оны жүзеге асыруды Мемлекет басшысы тікелей Үкіметке тапсырды. Ауыл әкімдеріне шағын шаруашылықтарды ірілендіруді тапсырып, мұның ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп шығаруға септігін тигізетіндігін айтты», - деді ол.

Сонымен қатар, депутат фермерлердің өнімдерін сатып алумен айналысатын сервистік кооперациялар құру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ұйымдар шаруалардан делдалсыз өнімді сатып алады әрі оның сапасы да жоғары болады. Ал мұның өндірушілерге де, тұтынушыларға да пайдалы екендігі сөзсіз.

Ж.Дүйсебаевтың мәліметінше, кезінде еліміздегі суармалы жердің көлемі 2 миллион гектардан асса, бүгінде оның 1 миллионнан астамы ғана кәдеге жарауда. Сондықтан ҚР Президенті алдағы 5 жылдың ішінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуді тапсырды.

«Бұл үлкен міндет. Оны жүзеге асыру үшін алдымен сумен қамтып, апатты жағдайдағы бөгеттерді қалпына келтіру қажет. Су жинайтын жаңа бөгеттер салу керек. Бұл да бір үлкен мәселе. Сонда ғана біздің ауыл шаруашылығымыздың экспорттық әлеуеті өседі. Қазіргі уақытта өкінішке орай ІЖӨ-нің 5 пайызға астамын ғана ауыл шаруашылығы өнімдері қамтиды. Жоғарыда аталған шараларды қолға алып, іске асыратын болсақ бұл көрсеткішті 20-25 пайызға жеткізуге болады», - деді депутат.