Мәжіліс депутаты бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын сынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысы нашар жүргізілуде. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Гүлнар Ихсанова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көрсеткіштердің өзара байланысы мен сабақтастығының жоқтығы байқалады. Мәселен, онкологиялық аурулардың электронды тізіміне тіркелген онкологиялық аурулар саны көрсеткішінің артығымен орындалуы әдетте обырға қарсы іс-шаралардың тиімділігі ретінде түсіндіріледі. Бұл ретте 43 мың адам бойынша скрингтердің үш көрсеткіші орындалмаған. Екі мыңнан астам адам скринингтен өтуден мүлдем бас тартқан. Бұл бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысының әлсіз жүргізілетіндігіне дәлел бола алады», - деді Мәжіліс депутаты.
Осы орайда Ихсанова «Нұр Отан» партиясының сайлауалды науқанының басты басымдығы ретінде халыққа бастапқы денсаулық сақтау қызметтерін дамыту болғанын еске салып өтті.
«Бұған қоса, қатерлі аурулардың скрининг барысында анықталуы небәрі 5,6 процентті, ал алдын ала тексеру барысында 11 процентті, ал өздері келіп тексерілген кезде 83 процентті құрап отыр. Демек, алдын ала тексеру жүргізілмей соның салдарынан обыр асқынғаннан кейін бірақ анықталады», - деді Ихсанова.