Мәжіліс депутаты Егіндікөл ауданындағы түйткілді мәселелерге қанықты - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев жұмыс сапарымен Егіндікөл ауданында болды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
Сапары барысында Мәжіліс депутаты жергілікті шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің жұмысымен танысып, әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Осыдан 44 жыл бұрын салынған аудандық мәдениет үйінің ұжымымен кездесіп, жағдайларын сұрап білді. Мәдениет ошағына 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі кезде мұнда домбыра, гитара, би тәрізді үйірмелер жұмыс істейді. Ұжым облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени шараларға қатысып, жоғары биіктерден көрініп жүр.
Егіндікөлдегі №12 агротехникалық колледж ұжымнан өңірді дамытуда кедергі болып отырған кейбір түйткілді мәселелерді сұрап білді. Сумен қамтамасыз ету, жол және жер мәселесі туралы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, ауданда жастарды жұмысқа орналастыру және мамандар тапшылығын шешуге назар аударды. Аталған колледжде білім алып жатқан студенттердің дені ауылдан келгендер. Олардың 70 пайызы пəтер жалдап тұрады.
Аудан активімен өткен кездесуде Жексенбай Дүйсебаев алдымен еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына абыройлы жеткенін, ең бастысы, тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқанымыздың да сол егемендігіміздің жемісі екендігін түсіндіріп өтті.
Сапар соңында Мәжіліс депутаты "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалында әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерімен келген аудан тұрғындарына қоғамдық қабылдау өткізіп, сауалдарына құлақ түрді.