Мәжіліс депутаты ірі қалалардағы ақылы көлік тұрақтарының жұмысын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазіргі кезде еліміздің ірі қалаларында ақылы көлік тұрақтары қаптап кетті. Бастапқыда аталған көлік тұрақтары көшелердегі көлік ретсіздігін шешуге бағытталғанымен, түптеп келгенде мәселе шешілмеді, керісінше әлеуметтік наразылыққа негіз болар сұрақтар бар. Біріншіден, автотұрақтарды орналастыру мәселесіне тоқталсам, іс жүзінде мегаполистердегі бұл нарықты бірнеше оператор монополияландырып алған. Олар алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақтарды аша бастады. Алайда, 2021 жылы тек Астана қаласында ақылы тұрақтар саны 20 есеге артқан. Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар, сондай-ақ құрылыс нормалары мен қағидаларды бұза отырып, әлеуметтік объектілерге келетіндерге арналған жерлер берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптары мен аудандарда да ақылы тұрақтар пайда бола бастады», - деді С. Нұртаза Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар, ол бұл саладағы шарт талаптары жайында айтты. Жеке серіктестерге еш қаражат жұмсауды қажет етпейтін, жұмыс істеп тұрған автотұрақтар беріледі. Жеке серіктес төлем алу құрылғыларын орнатады.

«Кірістің 95 пайызы жеке серіктеске, ал 5 пайызы мемлекетке түседі. Абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Шарт талаптарын әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қайта қарау абзал. Сонымен қатар, ақылы автотұрақтар үшін арнайы айыппұл түрі енгізілген және айыппұл сомасы – 10 350 теңге, яғни азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл айыппұл 100 есе көп. Бұл айыппұлдарды автотұрақ әкімшілері емес, Ішкі істер министрлігі алып отырады. Әкімдік пен ақылы автотұрақ операторларының өзара осындай қарама-қайшылық қатынастары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік талаптарына сай келмейді», - деді депутат.

Осы айтылған жағдайға қатысты ақылы автотұрақтарды көлік ең көп жиналатын жерлерде ғана қалдырып, олардың санын қайта қарап, қысқарту ұсынылды.

«Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру мүмкіндігін қарастыру немесе мемлекет пен жекеменшік секторының серіктестігі туралы шарттардың талаптарын қайта қарап, жекеменшік серіктестерге берілген аумақтарды күтіп ұстау қызметін жүктеу өзекті. Жеке адамдар мен ақылы автотұрақтардың жекеменшік операторы арасындағы шарт талаптарын бұзғаны үшін айыппұл өндіру рәсіміне құқықтық баға берілуін сұраймыз», - деді С. Нұртаза.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында елордадағы ақылы тұрақтардан түскен табыстың 25%-ға дейінгі мөлшері әкімдікке тиесілі болмақ.


Соңғы жаңалықтар