Мәжіліс депутаты Қазақстанда брендтік арақтар шығару мәселесін көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов Қазақстанда брендтік арақтар шығару мәселесін көтерді. Тоқтала кететін жайт, жиын барысында палата депутаттары алкоголь өнімдерін өндіру мен олардың айналымына қатысты заң жобасын талқылаған болатын.
None
None

Депутаттың айтуынша, кейбір статистика бойынша Қазақстан 1 млн. шөлмек арақты экспорттаса, есесіне 40 млн. шөлмек арақты импорттайды. «Бұл неге солай? Дұрыс арақ шығара алмағанымыз ба? Францияны алыңыз, олардың шампаны - бренд, Германияда - сыра, Шотландияда - виски. Неге бізге өзіміздің брендтік арақты шығармасқа? Осыны шығарайық, сосын әлемдік нарықта соны сатайық. Бұндай өндірістен біз өзіміз «бұзылып» кетпейміз ғой», - деді депутат Тұрсынбек Өмірзақов.

Депутаттың айтуынша, бұл - экономика, қаржы үшін аса маңызды өндіріс. «Айта кетейік, әлемді үрейлендіретін қару-жарақтың түр-түрін АҚШ пен Ресей шығарып, соны бүкіл әлемге сатып жатыр. Қару-жарақ шығарған жаман екені бәрімізге түсінікті, алайда олар осыдан бюджеттерін толтырып жатқан жоқ па? Ал бізде Көкшетаудағы зауытта ең жоғары сапалы спирт шығарылады. Бұны әлемдік деңгейге неге көтермейміз? Осыны көтерсек, Қазақстан керісінше 40 млн. шөлмек арақты сыртқа экспорттап, 1 млн. импорттауға да мүмкіндігі болатын еді», - дейді Т. Өмірзақов.

Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов депутат көтерген мәселеге жауап бере келе, «брендтік арақ шығару» тақырыбы қызық екенін, алайда қазіргі таңда ең бірінші кезекте алкоголь айналымындағы көлеңкелі экономикамен күресті қолға алу керектігін атап өтті. «Бізде алкогольді тұтыну мәдениетінің өзі үлкен мәселе болып тұрғанда бренд туралы сөз қозғауға әлі ертерек», - дейді Б. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар