11:16, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты Маңғыстау өңірін электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейітмағанбетованың ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған сауалында Маңғыстау өңірін электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі қозғалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутаттың айтуынша, Ақтау ? Маңғыстау облысындағы өндіріс ошақтары көп шоғырланған, қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Соңғы жылдары Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарында интенсивті құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Ақтау Сити» жаңа жобасы іске асырылуына байланысты қаланың жоғары бөлігін электр энергиясымен жабдықтау мәселесі өте өткір тұр.Осыған орай Үкіметтің 1999 жылғы сәуірдің 9-ындағы қаулысымен бекітілген «Электр энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын» іске асырудың 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Ақтау қаласында бірқатар ірі энергетика нысандарының салынуы жоспарланған болатын.Олардың ішінде құрылыс құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын жоғары 220 киловаттық жүйесі мен «Орталық» кіші стансылары, құрылыс құны 1,8 млрд. теңге құрайтын жоғары 110 киловаттық жүйесі мен «Г» кіші стансысы, құрылыс құны 1 млрд.теңгені құрайтын «Приозерная» кіші стансысы бар.
Алайда, осы нысандардың құрылыстарына жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңнамамен белгіленген тәртіпте республикалық бюджет комиссиясына тиісті ұсыныстар мен керек құжаттары берілгенімен, 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарында олардың құрылысына қаражат қарастырылмаған.«Осы ірі энергетика нысандарының уақтылы салынуы, Ақтау қаласының әрі қарай ырғақты дамуына жол ашады және облыс орталығының бір бөлігіне электр энергиясының жетіспеушілігінен туындайтын проблемалардың алдын алуға мүмкіндік береді деп есептеймін»,- дейді өз сауалында депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова.Сондықтан депутат Үкімет басшысынан 2009 жылдың бюджетіне өзгерістер енгізген кезде Ақтау қаласында аталған энергетика нысандарының құрылысына республикалық бюджеттен берілетін арнайы трансферттерді бөлу мәселесін шешуге ықпал етуін сұрайды.