Мәжіліс депутаты мектептердегі қазақ тілі сағатының қысқартылуына наразы

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов Үкімет басшысы Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдап, мектептегі мемлекеттік тіл мәселесін көтерді.

Мәжіліс депутаты мектептердегі қазақ тілі сағатының қысқартылуына наразы

Сауалда депутат Елбасы Н.Назарбаевтың жолдаудағы тілге қатысты жүктеген тапсырмаларына тоқтай келе, еліміздің білім саласында қазақ тілінің дамуына үлес қосатын көптеген іс-шаралар атқарылып жатқанын да тілге тілек етті. Мәселен, оның айтуынша, бірқатар өзбек, ұйғыр, тәжік тілінде сабақ беретін мектептерде көп тілде сабақ беру, кейбір пәндерді қазақ тілінде оқыту тәжірибесі қолға алынып, ол балаларға мемлекеттік тілді тереңірек үйренуіне оң ықпал етіп жатыр.

«Елімізде орыс тілінде сабақ беретін 1700-ден астам мектеп бар. Сарапшылардың айтуы бойынша, осы мектептерді бітірушілердің 7-10 пайызы ғана қазақ тілінде сөйлей алады. Білім және ғылым министрлігі бұл жағдайды түзеудің орнына, мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында қазақ тілі пәнінен тапсырған тест жауаптарының бағасын жалпы қорытынды балға есептемейді. Бұндай әрекетті оқушыларды мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырмайтынын министрліктегі лауазымды тұлғалардың түсінбейтініне қайран қаласың. Бұл жетпегендей, қазіргі уақытта орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі пәнінің апталық сағаты бастауыш сыныптарда 1 сағатқа, жоғары сыныптарда екі есе қысқарту қарастырылыпты. Қазақ тілін үйретудің халық арасында кеңінен қамтылуы өзекті мәселе болып тұрған кезеңде Білім және ғылым министрлігінің мұндай қадамдарға баруын қалай түсінуге болады? Осындай асығыс шешім қабылдауға не түрткі болды?», - дейді депутат.

Осыған орай, Р. Халмұрадов қазақ тіліне жасалған қиянатты жоюға ықпал жасауды сұрайды.