Мәжіліс депутаты министрдің тілшілерге берген жауабын сынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Михаил Чирков лауазымды шенеуніктің тілшілерге берген жауабын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
None
None

Депутат ақпарат беретін әрі БАҚ-пен өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін лауазымды тұлғалардың жұмысын реттейтін тәртіп көкейкесті мәселе екенін атап өтті.

«Осы орайда бір мысалдан бастағым келеді. Жақында лауазымды шенеунік отырыстан шыққаннан кейін, оған тілшілер келіп сауал қоя бастады. Ол өз кезегінде: «18-ші рет жауап беріп отырмын» деп төтесінен қойды. Ары қарай сөзбе-сөз не айтылғаны есімде жоқ, бірақ осындай екпінмен жауап қайтаруға бола ма?!» - деп тоқталды депутат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Мәжілісте өткен сарапшылар кездесуінде.

Бұдан бөлек, Михаил Чирков мемлекеттік органдардағы баспасөз қызметтерінің жұмысына тоқталды.

«Көбінесе олар баспасөз хабарламасымен ғана шектеледі. Біз оны жақсы білеміз. Неге бұл баспасөз қызметтері жұмыс істемейді, неге оның құрылымдары тиісті деңгейде түсінік бермейді? Осы орайда қалыптасқан жағдай мен жұмыс қарқынына қатысты ақпарат таратуға болар еді ғой. Бұндай үрдіс осы ведомствода ғана емес, сонымен қатар басқаларында да ескерілмеген», - деді депутат.

Бұл ретте ол ведомство өкілдері тиісті деңгейде журналистерге назар аудармауынан, сәйкесінше тілшілер қауымы лайықты жауапты беретінін, осыдан баспасөз беттерінде сынау жағдайлары орын алатынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, сейсенбіде Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елдегі жанармай-жағармай жағдайы бойынша сұраған тілшілерге жауап берген болатын.

«Қазір 18-ші рет айтамын: қарашаның соңына қарай бағаның түзелуін болжап отырмыз. Бұл тек бір күнде ғана жасалатын процесс емес...», - деген еді министр.

Соңғы жаңалықтар