Мәжіліс депутаты мұрағат пен мұражай қызметкерлерінің жалақысын арттыруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық қызметшілер арасында мұрағаттар мен мұражайлар қызметкерлері ең төменгі жалақы алып отыр. Бүгін Парламент Мәжілісінде Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Гүлнар Сейітмағанбетова осы санаттағы қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, мұрағаттар мен мұражайлар қызметкерлері өз жұмысы барысында денсаулыққа кері әсер ететін көптеген факторлармен кездеседі. «Айталық, олар палеонтологиялық, археологиялық материалдардың радиациялық сәулелерімен, органикалық экспонаттарда шоғырланатын микроағзалармен, көне металл артефактілердегі тотықтардың улы қоспаларымен, тозаң және талшықтармен, химикаттармен күнбе-күн жұмыс жасап жүр. Осындай жағдайлар бұл санаттағы қызметкерлерге еңбекақы төленуі барысында ескерілмей жүр. Расында, осы мәселе әр түрлі деңгейде қаралды, тиісті мемлекеттік органдардың да оң қорытындысы алынған. Алайда, күні бүгінге дейін оі шешімі табылмай отыр», - деді Г. Сейітмағанбетова.
Бұл ретте депутат азаматтық қызметкерлердің жалақы жүйесіне енгізілетін жаңа өзгерістерге тоқтала келе, оның барысында мұражайлар мен мұрағат қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу мәселесін қарастыруды ұсынды.