10:00, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемовке «Қайырымдылығы үшін сауап» медалі табыс етілді
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбах Рүстемовке «Қайырымдылығы үшін сауап» медалі табыс етілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен «Қайырымдылығы үшін сауап» медалімен марапатталған. Медальдің куәлігіне аталған қауымдастықтың төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қол қойған. Осы төсбелгіні депутаттың жерлестері Астанаға алып келіп, парламентшіге табыс етті.Айта кету керек, жуырда Түркістан қаласында 1979-89 жылдары Ауған соғысының азапты да қатерлі кезеңдерін бастан кешкендер бас қосты. Онда «Отқа оранған он жыл» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл жинақта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзі берілген. «Еліміздің жасампаз саясаты Қазақстанда және бүкіл әлемде ынтымақ пен өзара татулықты сақтауға бағытталған. Қолдарыңыздағы кітап келер ұрпақты осыған үйретуге тиіс. Иә, өлгендер қайтып келмейді. Бірақ соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету ? біздің қасиетті парызымыз!» деген Елбасының тілегі жазылған.Осы кітаптың ішінде Парламент депутаты Нұрбах Рүстемовтың Ауған соғысының қасіреті, ардагерлердің ерлік істері жайлы пікірі және «Ешқашан соғыс болмасын!» деген тілегі берілген.Жинақта Ауған соғысының ардагерлері жазған естеліктер, әр кезеңде түскен фотосуреттер жарияланған.Сонымен қатар «Ауған ақиқаты» атты ғылыми-теориялық конференция болды. Бұл шаралар Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің құрылғанына 10 жыл толуына орайластырылып өткен болатын.