Мәжіліс депутаты өнерлі жастарға қолдау көрсету қажеттігін мәлім етті

  АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақтың шешендік, ақындық дарынын, жыршы-термешілік өнерін меңгерген жастар өнердің өрінен, өмірдің төрінен көрінетіні анық.

Мәжіліс депутаты өнерлі жастарға қолдау көрсету қажеттігін мәлім етті

Мәжілістің  жалпы отырысында  депутат Людмила Хочиева осындай пікір блдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Депутат Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа сауал жолдады.

 «Өресі биік, өрісі кең, зерделі, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, болашаққа тірек болатын азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеу барысында көптеген назардан тыс қалып жатқан мәселелер баршылық. Мысалы, ойы ұшқыр, сөзі өткір, дарынды жастардың бойындағы жанып тұрған  өнердің өрісін кенейтуге, оларға қолұшын беруге көп мән берілмей келе жатқаны анық. Ол - рухани қазына, ол - жан байлығы. Қазақ халқының  ертеден келе жатқан бір үлкен ерекше дархандығы - осы тапқырлық пен шешендік өнері, ақындық өнері.

 Әрине, бұл салада жастармен, соның ішінде талантты жастармен жұмыс атқарып отырған екі арнайы мектепті атап өтуге болады. Олар - Қызылорда қаласындағы жыршы-термешілер мектебі мен республикаға танымал жас ақындардың талантын жарқыратып көрсетіп отырған Семей қаласындағы «халықтық» ақындар орталығы. Жас ақындарға ұлттық өнердің иелеріне қолдау көрсетіп, олардың қатарын көбейтсек, біздің жастарымыз адамгершілігі зор, мәдениетті де әдепті болар еді.

 Болашақтың жаңа адамдарын қалыптастыруда еліміздің салт-дәстүрімен қоса ұлттық өнердің өрісін байыту алдымызға қойылған үлкен бір міндет деп есептеймін», деді Людмила Хочиева.

 Депутат бұл бағыттағы мәселелерді шешу үшін Білім және ғылым министрлігінің қандай жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын білгісі келетінін жеткізді. Министрден атқарылып жатқан шаралар бойынша толыққанды ақпарат беруін өтінді.