15:51, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты Райымбек ауданындағы автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін көтерді
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты Тұрарбек Асанов ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған депутаттық сауалында Алматы облысының Райымбек ауданындағы автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Депутаттың өткен жылғы сауалына орай Үкімет басшысының ықпал етуімен Көлсай көліне дейінгі Жалаңаш-Саты-Құрметі республикалық маңызы бар тас жолын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлу мәселесі 2009 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында шешімін тапқан. Осыған сәйкес Көлік және коммуникация министрлігі тарапынан 2009-2010 жылдары аталған тас жолдың бірнеше учаскесін жөндеу жоспарланған. Сол секілді 2011-2012 жылдары да аталған тас жолдың қалған бөлігі жөнделуі көзделген. Сонымен қатар тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырын жөндеу жұмыстарына қатысты республикалық бюджеттен Нарынқол селосына 790,6 млн. теңге, Жалаңаш селосына 150 млн. теңге бөлінуі жоспарланған. «Райымбек ауданын аралап, өңірдің тұрғындарымен кездескенде осы жаңалықтарды жеткіздік, олар оны үлкен ынта-жігермен қабыл алып, Президентке және Үкіметке көптен бері шешілмей жүрген проблеманың шешілетініне рахметтерін айтып, қуаныштарын білідірді. Енді сол халықтың қуаныштарын су сепкендей қылып, көңілдеріне кірбің түсіріп, үш жылдық республикалық бюджетті секвестрлендіру кезінде Көлік және коммуникация және Ауыл шаруашылығы министрліктері көрсетілген бағдарламаларды қаржыландыруды қысқартуды жоспарлап отыр. Шалғай жатқан Райымбек ауданының тұрғындары үшін автокөлік жолы және ауыз сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда қалуда, оны әлеуметтік мәселе деп айтуға да болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде мемлекет алдында тұрған әлеуметтік міндеттер толықтай орындалуы тиіс және қысқартылуға жатпайды деп атап көрсетті. Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Жоғарыда айтылған проблемалар туындамауы үшін республикалық бюджеттен бұрын жоспарланған қажетті қаржының қысқарып кетпеуіне ықпал етуіңізді сұраймыз»,- деді депутат Т. Асанов. Бұл депутаттық сауалға депутаттар К.Бижанов, У.Қалижан, Ү.Медеуов, Е.Омаров, С.Тоқпақбаевтар қол қойған.