18:58, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты студенттермен кездесті
АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров студенттер, оқытушылар қауымымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП өкілдеріне аймақтағы сайлаушылармен кездесулер өткізуді тапсырған еді. Шара барысында жастар саясатының дамуы, қазіргі дағдарыс жағдайындағы студенттердің әлеуметтік жағдайы мәселелері сөз болды. Студенттердің жиі көтерген мәселелерінің бірі оқу комбинаттарының жоқтығы мен студенттік емхананың жалғыз екендігі болды. Т. Бердіоңғаров оқу комбинаттарының студенттердің тәжірибе алуына үлкен көмегі барын айтып, ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасайтынын жеткізді. Ал емхана мәселесі бойынша ҚазҰТУ ректоры Жексенбай Әділов Алматы басшылығына ұсыныс жіберілгенін айтты. Шара барысында 30-дан астам студентке «Нұр Отан» ХДП мүшелік куәлігі тапсырылды. Шараға ҚазҰТУ ректоры Жексенбай Әділов, «Нұр Отан» ХДП Бостандық аудандық филиалы төрағасының орынбасары Әділ Төлегенов қатысты.