Мәжіліс депутаты сынып жетекшілерінің орнына арнайы маман алуды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мектептерде сынып жетекшілерінің орнына арнайы маман алуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау мәселелеріне арналған жиын өтіп жатыр. Осы шарада сөз алған депутат Нартай Сәрсенғалиев педофилдер туралы ресми статистика мәліметтерін келтірді.

«2019 жылғы ресми статистикаға қарасақ, Қазақстандағы құқық қорғаушылардың есебінде адам зорлаған 2800 қылмыскер, бала зорлаған 1350 педофил тұрған. 2021 жылы Қазақстандағы колонияларда 1861 педофил жазасын өтеп жатқан. Сол жылы қамау орындарындағы 50 педофилдің бостандыққа шыққаны туралы ақпарат тарады», - деді ол.

Мәжіліс депутаты балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін қабылдануға тиіс жүйелі шараларды ұсынды.

«Балаларды зорлағандар кім деген сұрақ туындайды. Педофилдікке кім барады деген сұрақтың жауабын қарасақ, бала зорлағандардың 77 пайызы өз әкелері, өгей әкелері, көршілері немесе сол үйдің туысқандары деген ақпарат алып отырмыз.

Бұған қарсы қандай шара қабылдау керек дегенге келсек, кешегі депутаттық сауалда да айттық. Оның ішінде мектептегі сынып жетекшісі деген қызметтің орнына арнайы маман алу, мектеп психологтерін көбейту, әлеуметтік педагог дейтін мәселені реттеу туралы ұсыныстар бар», - деді Нартай Сәрсенғалиев.


Соңғы жаңалықтар
telegram