Мәжіліс депутаты Т. Қадамбаев: Заң жобасы арқылы нотариат қызметіндегі әркелкілікті бірқалыпқа келтіруді көздеп отырмыз
АНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаттары Валерий Доскалов, Серік Оспанов және Тоқтарбай Қадамбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасаған болатын.
Заң жобасына ҚР Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің 2007 жылғы желтоқсандағы хаттамасы негіз болған. Жекеше нотариустердің нотариаттық іс-әрекеттер жасауына Қазақстан Республикасының барлық аумағында бірыңғай тарифтік ставка белгілеуге, сондай-ақ мемлекеттің құқықтық жүйесіндегі нотариаттың рөлін және оны әлем қоғамдастығының тануын ескере отырып, қазақстандық нотариатты одан әрі реформалауға және дамытуға бағытталған. Қазірге кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нотариаттың екі ұйымдық - мемлекеттік және жекеше нысаны қатар жұмыс істеуде. Мемлекеттік нотариус те, жекеше нотариус те салық заңнамасында белгіленген мемлекеттік баж ставкасы бойынша төлем алып, бірдей нотариаттық іс-әрекеттер жасайды. Алайда, нотариустерге заң бойынша жүктелген функцияларының бірдейлігіне қарамастан, жекеше және мемлекеттік нотариустердің қызметін қаржыландыруда едәуір айырмашылықтар бар. Заң жобасы бойынша енгізіліп отырған жаңалықтар Қазақстан Республикасының барлық аумағында жекеше нотариустердің нотариаттық іс-әрекеттер жасауы үшін тариф ставкасының бірыңғай мөлшерін белгілеу және заңнамалық тұрғыда бекіту көзделді. Заң жобасына бастамашы болған депутаттардың бірі Тоқтарбай Қадамбаев ҚазАқпарат тілшісіне өздері ұсынған құжат туралы түсінік берді.
- Тоқтарбай Қадамбайұлы, заң жобасының басты ерекшеліктерін айтып өтсеңіз?
- Қазір бізде мемлекеттік нотариаттық қызметі жеке меншік иелігіндегі қызмет бар. Үкіметтің меншігінде қазір жоқ деп айтуға болады. Нотариаттық кеңселер барлық іс-әрекеттерін өздерінің қаражаттарымен іске асырады ғой. Мысалы, компьютер алуға, қызметкерге жалақы төлеуге өздері тапқан табысынан бөледі. Ол үшін мемлекет қаражатынан ақша төленбейді. Салық кодексінде бұл мәселе қаралған. Нарық экономикасы кезінде біз олардың жағдайын жақсартуға заңнамалық қолдау жасауымыз керек. Жеке нотариаттық кеңсенің жинаған қаржысы өздерін ақтамайды. Сондықтан біз бұл мәселені заңмен шешуді қолға алдық. Өзге мемлекеттерде, айталық, Германияда, Францияда бұл мәселелер шешімін тапқан. Айлық есептік көрсеткіш арқылы реттеуге болады. Біздерде нотариалдық қызмет көрсетуде әр өңірде әркелкі бағалар белгіленіп жүр. Мысалы, Қостанайда бір құжатты берудің ақысы 9 мың теңге тұрады дейді. Сол қызмет Атырауда 10 мың теңгеге бағаланған. Ал Павлодар қаласында 7 мың теңге болуы мүмкін. Біз заң жобасын ұсыну арқылы нотариат қызметіндегі әркелкілікті бірқалыпқа келтіруді көздеп отырмыз.
- Осы бастамаларыңыз мақұлданып, заңдарға түзетулер енгізілсе, нотариалдық қызмет көрсету шаралары арзандай ма, халыққа тиімді бола ма?
- Бұдан халыққа да жеңілдік болады. Ең бастысы, барлық өңірде бірдей баға белгіленеді. Әйтпесе, біреулер «Ақтауда, Атырауда мұнай бар, олардың тұрғындары өте жақсы тұрады. Сондықтан ол жерде барлық қызмет түрлері жоғары болады»,- дейді. Біздің бастамамыз өтсе, ондай айырмашылықтар жойылады. Мәселен, нотариаттың бөлмесіне кіргенде, қандай қызмет қанша тұратыны жазылмаған болса, енді жазулы тұратын болады. Бір жұмысымен келген адам өзіне қажетті құжатты шандырудың қанша тұратынын айқын біле алатын болады. Енді нотариустар өз еркінше ақшаны ала алмайды. Бұл бір мәселе. Екіншіден, нотариустер өз қызметтері арқылы пайда табуы қажет қой. Біз бұл мәселеге де қатар қарап отырмыз. Сонымен қатар қоғамның әлсіз топтарын қолдауға назар аударып отырмыз. Мәселен, мүгедектерге, соғыс және еңбек ардагерлеріне жеңілдіктер енгізілуде.
- Ортақ, нақты бағаны кім белгілейді?
- Біз бұрын Салық кодексінде белгіленген өлшемдер мен өзіміз ұсынған бағаны есептеп, ортақ тоқтамға келмекшіміз. Бұған Бас прокуратура да өз үлесін қосып отыр.
- Бұл заң жобасына Үкімет қандай қорытынды берді?
- Үкімет тарапынан оң қорытынды алынды. Бұның дұрыс мәселе екенін қолдап, бірқатар ұсыныстарын жолдады. Айталық, мүгедектерге жеңілдіктер қарастырылуын атап өткен. Біздің ұсынысымызға нотариустер де қарсы болған жоқ. Олардың бізге берген ұсыныстары да бар. Жұмыс тобында нотариалдық қызмет саласының өкілдері бар. Олар да біздің бастамамызды қолдап, пікірталасқа қатысуда. Осы заң жобасы жуырда Палатаның талқысына шығарылады.
- Рақмет әңгімеңізге.