11:32, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты Таран және Жітіқара аудандарында болып, бірнеше кездесулер өткізді
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Тоқтарбай Қадамбаев Таран және Жітіқара аудандарында болып, бірнеше кездесулер өткізді.
Депутат ел-жұртпен кездескенде аудандар мен ауылдарда жұмыс орындары жабылмағанына, тұрақтылық сақталып отырғанына көз жеткізгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Таран ауданы орталығындағы дүкеннің сатушысы тауарлардың бағасын көтермегенін, оның өзіне тиімсіз болатынын, ал алдағы уақытта шетелдік өнімдерді қымбат бағаға алса, оларды жеке сөрелерге басқа бағамен қоятынын мәлімдеген. Қостанайлықтар азық-түлік өнімдері өздерінен шығатын болған соң, оған доллардың әсері болуға тиісті емес деп есептейді.
«Біз 1990 жылдардың ортасында еліміздің өз ішінде болған дағдарыс пен қазіргі әлемдік қаржы дағдарысын салыстырып қарағанымыз жөн. Қазір халықтың жағдайы анағұрлым жақсы. Ол кездегі дағдарысты еске алсақ, түн ішінде шошынған адамдай боласың. Аудандар мен қалаларда электр жарығы болған жоқ, газбен қамту өз деңгейінде болмады. Аудандар мен ауылдарға кәдімгі көмірдің өзі жеткізілмей жатты. Еңбекақы мен зейнетақының көлемі аз болды, соның өзі уақытында берілмей жатты. 1996 жылдары еңбекақы мен зейнетақы алты айға дейін берілмеген кездері болды. Ақшаның орнына тауар берген мекемелер де кездесті. Ол кезде мал саны да мүлдем азайып кеткен еді. Егін егетіндер де тек шығынға батып жатты. Жәрдемақы түрі мүлдем аз болды. Оның өзі уақтылы берілмеді. Балаларға берілетін жәрдемақыны төлеу үшін жас отбасылардың күнкөріс қаражаты есепке алынды. Қазір, Құдайға шүкіршілік. Халық жалақысын уақытында алып жатыр. Зейнеткерлер де зейнетақысын уақтылы алып келеді. Соңғы жылдары түрлері көбейтілген, көлемі артқан жәрдемақылардің бірде-біреуі қысқарған жоқ. Әлеуметтік салаға мол қаражат бөлінде. Ел Президентінің берген тапсырмасына сәйкес әлеуметтік салаға бағытталған бағдарламалардың бірде-біреуін қысқартпау жөніндегі еліміздің ұстанған бағыты ? үлкен жетістік!» - деді қостанайлықтармен өткен кездесуде депутат Тоқтарбай Қадамбаев.Одан әрі депутат: «Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікке нақты қолдау ретінде 1 млрд доллар бөлініп отыр. Сол секілді ауыл шаруашылығын дамытуға да 1 млрд доллар қарастырылды. Енді соның барлығын есепке алсақ, біздің еліміз әлемдік қаржы дағдарысынан аман-есен өтіп шығады. Мұны халықтың өзі де түсініп отыр», деген пікірін білдірді.
Депутат «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалында аудан тұрғындарын қабылдады. Келушілер тепловоз жүргізушілердің кеншілерге берілетін жеңілдіктерге қолдары жетпей отырғаны жөнінде, жекеменшік кәсіпорынның құрылысшыларға тиесілі қаражатын бермей жүргені жөнінде айтты. Жітіқаралық шаруашылық басшыларымен өткен басқосуда бұрынғы аудан әкімі, еңбек ардагері Ризуан Мұртазин сабырлылық пен салмақты мінез таныта білген адам қандай қиындықтан да шығатынын айта келіп, қазіргі дағдарыстан да халқымыздың қиналмай өтетініне сенімі мол екенін жеткізді. Ауданның жағдайын бір қалыпты ұстау, осы кезге дейінгі қол жеткізген табыстарымызды сол деңгейден түсірмеуге баса мән берілуі қажет екені сөз болды. Мәжіліс депутаты Т.Қадамбаев осы аптаның басында «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалында азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдады. Барлығы 20 адам келіп, арыз-шағымдарын айтты. Сонымен қатар парламентші сейсенбі күні Қостанай қалалық мәслихаттың депутатарымен кездесіп, көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кеше Қостанай техникалық колледжінде оқытушылармен және шәкірттермен жүздесті.