15:26, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Мәжіліс депутаты тендерлерді бірден үш жылғы кезеңге өткізуді оңтайлы санайды
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеев тендерлерді бірден үш жылғы кезеңге өткізуді оңтайлы санайды. Бұндай пікірді ол бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Егер де біз үш жылға есептелген бюджетті қабылдайтын болсақ, онда неліктен конкурстар үшжылдық мерзімге арналмаған? Бизнесмен тендерге қатысуға келгенде, оның кәсіпорны үш жыл бойы жұмыс істейтінін анық білетін болады. Бізде тендерлер жыл сайын өткізіледі. Мәселен, осы жылы конкурс өткізілсе, алдағы жылы тағы да дәл сол конкурс ұйымдастырылады», - деп тоқталды депутат. М. Тінікеевтің пайымынша, үшжылдық тендер кәсіпорынға банктерден несие алуға және тұрақты жұмыс істеуге кепілдік береді. Естеріңізге сала кетейік, биылғы 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кемшіліктерді сынға алған болатын.