Мәжіліс депутаты У. Қалижан Куба Елшісімен кездесті
АСТАНА. Сәуірдің 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижан Куба Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абелардо Фабио Эрнандес Феррер мырзамен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Латын Америкасының, оның ішінде Куба елінің экономикалық дамуын қызығушылықпен бақылап келеді. Жалпы, Қазақстанның Куба мемлекетіне қарым- қатынасы өзгеріссіз, бұрыннан келе жатқан достық пейілде одан сайын дами түседі деп сенемін», деді кездесу барысында депутат У. Қалижан.
Сонымен бірге, жүздесу барысында Тараптар екі жақтың сауда - экономикалық байланыстары жайында әңгіме өрбітті. Сөз арасында Қазақстан мен Куба арасындағы тауар айналымы әлемдік дағдарыс салдарынан біршама төмендегеніне назар аударылып, дегенмен алдағы уақытта қарым-қатынас қайта жандана түседі деген сенім айтылды. Бұндай байланыстарды арттыруға екі елдің әлеуеттері де жеткілікті болып отыр.
Әңгіме арасында екі елдің парламентаралық байланыстарын тереңдете түсу жайы қозғалды. Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылы парламентаралық Комиссияның бірінші отырысы өтеді деп жоспарлануда. Кездесу барысында Тараптар екі мемлекет арасындағы әртүрлі форматтағы кездесулерді жандандыру қажеттігіне назар аударып, бұл үшін тиісті шаралардың қабылдануын алға тартты. Сондай-ақ, әңгіме барысында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Куба Медициналық қызметтер ұйымының әріптестігі, спорт және туристік қызмет саласындағы байланыстарды дамыту жөнінде пікір алмасылды.