Мәжіліс депутаты Уәлихан Қайназаровтың Созақ ауданы активімен кездесуінде бірқатар түйткілді мәселелер айтылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қайназаров Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданына сапарлады.
Теріскей халқының тыныс-тіршілігімен танысқан халық қалаулысы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Елбасы жолдауын насихаттап, «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» жобасының орындалу барысын бағамдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Депутат алдымен, Түркістан-Созақ айналма жол құрылысымен танысты. Ені 7 метр, ұзындығы 7 шақырымға созылатын бұл жолды салу үшін аудандық бюджеттен 326 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары күз соңына дейін аяқталуы тиіс.
Ал, Созақтағы ең сәулетті нысандардың бірі Тәуелсіздік саябағы болашақта шежіре-тарих тұнатын орын болмақ. Оның құрылысын көріп шыққан Уәлихан Қайназаров аудан әкімі Салыхан Полатовпен бірге алғашқы іргетасын қалады. Нысанды салып жатқан құрылысшылармен тілдесіп, саябақты салуда сапаға бекем болу қажеттігін айтты.
Іссапар соңында халық қалаулысы аудан активімен кездесіп, бірқатар мәселелер жайын сөз етті. Теріскейлік жұрттың шешімін таппай отырған мәселелерін тыңдап, қолұшын созуға уәде етті.

