Мәжіліс депутаты Виктор Киянский Парламент кітапханасына өзінің бірнеше кітаптарын табыс етті
АСТАНА. Желтоқсанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Кеше Мәжіліс депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Виктор Киянский Парламент кітапханасына өзінің бірнеше кітаптарын табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шара кітапхананың ашық есік күнімен орайлас келді. Депутат «Сапа менеджменті - бәсекеге қабілет философиясы», «Барлығы сапа туралы немесе барлығы да сапада», «Менеджмент аудиттің этикасы мен психологиясы» атты ғылыми еңбектерін кітапхана қорына берді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеретін жинағын да кітапханаға тапсырды.
Сол секілді осы күні Мәжіліс депутаттары Виктор Киянский мен Аманжан Жамалов екеуі құрастырған «Сәкен Ғұмаровтың жұлдызды ырғақтары» («Зведные ритмы Сакена Гумарова») деген кітап-альбом да кітапханаға қабылданды. Бұл еңбек Батыс Қазақстан облысында өмір сүрген дарынды суретші Сәкен Ғұмаровтың шығармашылық мұрасына арналған.