16:22, 03 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты, жазушы Жарасбай Сүлейменовке Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен омырау белгісі табыс етілді
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов 60 жасқа толған мерейтойына орай депутат, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовке Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен омырау белгісін табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Палата жетекшісі алғашқы жалпы отырыста шілде-тамыз айларында туған күндері болған әріптестерін құттықтады. Депутат Жарасбай Сүлейменов шілденің 9-ы күні 60 жасқа толған болатын. Қазақстан Президентінің Алғыс хаты депутатқа еліміздің саяси-әлеуметтік өркендеуіне, маңызы зор және қоғамға аса қажетті заңдардың қабылдануына қосып келе жатқан үлесі үшін берілді.
Ж.Сүлейменов Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде еңбек жолын бастаған, облыстық телекомпания мен радиосында қызметтер атқарған. Облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.
2007 жылы «Нұр Отан» ХДП-ның тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бірнеше прозалық шығармалардың авторы.