Мәжіліс депутаты жол апатынан қаза тапқандар саны қай өңірлерде жоғары екенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Мұсабаев еліміздің аумағындағы автокөлік жолдарының құрылысына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс депутаты жол апатынан қаза тапқандар саны қай өңірлерде жоғары екенін айтты

«Мемлекет басшысы 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол құрылысы саласын реформалау және 1 қыркүйектегі Жолдауында автожол құрылысына 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту туралы тапсырма берген болатын.

Депутаттың сөзіне қарағанда, Үкімет пен мемлекеттік органдар жағынан бірқатар жол құрылысы бойынша жобаларға уақытылы шешім жасалмай отыр. Осы орайда бюрократияға жол беріліп, жұмсалған қаражат жерге көміліп, жұмыстар аяқталмай жатыр.

«Мердігер компаниялар жүк тасымалдағыш вагондардың жетіспеушілігі, құрылыс материалдары мен битум тапшылығы, инфляцияның әсері кері ықпал етіп отырғанын айтып отыр. Бұл тұрғыда компаниялардың уәждерін дұрыс деп санаймыз, өйткені онымен Үкімет айналысуы керек. Сапасыз салынған жолдардың жағдайы біздегі сыбайлас жемқорлық пен салғырттықтың және талапсыздықтың салдарынан болып отыр. 2022 жылдың 8 айында республика жолдарында 9 430 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 1 480 адам қаза тауып, 12 400 адам жарақат алған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді», - деді Самат Мұсабаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны Қарағанды, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында басқа өңірлермен салыстырғанда жоғары.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің жалпы ұзындығы 2 787 шақырымды құрайды. Биылғы 8 айда аталған дәлізде 317 жол-көлік оқиғасынан 147 адам қаза тауып, 560 адам жарақат алған. Қаражат тапшылығынан және аралық жөндеу мерзімдерін сақтамағандықтан осындай жағдай болып отыр», - деді депутат.

Осы орайда ол Үкіметтен бірқатар сұраққа жауап беруді сұрады.

«Мемлекет басшысының берген тапсырмалары қашан іске асырылады ? Жүк вагондары мәселесі, битум тапшылығы және жоба құнын түзету мәселелері қашан шешілмек? Автомобиль жолдарының инфрақұрылымы қашан талапқа сәйкестендірілмек?», - деді Самат Мұсабаев.