Мәжіліс депутатын Сарайшық қаласындағы тарихи жәдігерлер таңғалдырды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясы жылдағы дәстүр бойынша Мәжіліс депутаттарының әр өңірде сайлаушылармен кездесулер өткізуін қамтамасыз етуде. Айталық, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Андрей Бегенеев тамыз айының 2-сі мен 6-сы аралағында Атырау облысында кездесулер өткізуде. Ал тамыздың аяғында ол Шығыс Қазақстан облысында болмақ.
None
None

Депутат ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы хабарласып, өзінің батыс өңіріндегі кездесулерден үлкен әсер алғанын жеткізді. Әуелі депутат Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болды. Облыс басшысы парламентшіге өңірдің тыныс-тіршілігі туралы айтып берді. Бұл аймақта негізінен мұнай-газ саласы өндіріліп жатса да, соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударылуда. Облыс ет, сүт өнімдерімен, дәнді-дақылдармен өзін-өзі қамтуды басты мақсат етіп қойып отыр. Көптеген кәсіпорындар ашылған. Әкім өз сөзінде қыркүйек айында облысқа Мемлекет басшысы арнайы іссапармен келетіні жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Депутат А. Бегенеев «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалында болып, оның жұмысымен танысты. Осы филиал төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев атқарылып жатқан саяси-мәдени жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.

Депутат А. Бегенеев Махамбет ауданында болып, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді өз көзімен көргенін жеткізді. Мысалы, ешкі өсірумен айналысып жатқан пунктте болғанын айтты. «Бұл жаңадан қолға алынған ерекше жоба екен. Жаңа заман кәсіпкерлері ешкінің сүтін, етін және түбітін өндірумен айналысуда. Олар жылына 80 тонна сүт, 22 тонна йогурт, 15 тонна сыр, 5 тонна ірімшік, 7 тонна қаймақ және 4 тонна ет өндіруде. Экологиялық таза өнімдермен өңірдің тұрғындарын, мектептер мен балабақшаларды қамтамасыз етіп отыр. Қазір ешкінің саны 600 бас, алдағы уақытта оны бір мыңға жеткізу жоспарлануда. 36 адам жұмыспен қамтылған екен»,- деді Андрей Бегенеев.

Сонымен қатар депутат ірі қара мал өсіретін шаруашылықта болып, оның жұмысымен де танысты. Қазір 500 бас ірі қара бар, келешекте оның басы бір мыңға жеткізілмек. 42 адам жұмыспен қамтылған. Депутат, ең бастысы, мал шаруашылығы кешенінің заманауи техникамен қамтылғанын және онда тәртіп пен тазалықтың сақталғанын айрықша атап өтті.

Осы сапарында депутат «Хан Ордалы Сарайшық» мемориалдық кешеніне барып, тарихи орынды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. «Жібек жолының бойында осындай тарихи сәулетті қала болғаны барша қазақстандықтардың мақтанышы деп білемін. Қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарайшық қаласында су құбырларының болғаны, күміс теңгелердің болғаны табылған жәдіргерлер арқылы дәлелденіп отыр. Сол заманда осындай қаланың өркендеп тұрғаны мені қатты таңғалдырды. Әрине қирап қалғаны өте өкінішті. Келер жылы ашық аспан астында мұражай ашылатынын естіп білдім. Қала орнын Жайық өзені шайып кетпеу үшін бетон қабырға орнату жобасы қолға алынғаны да қуантып отыр»,- деді депутат А. Бегенеев.

Қалаға қайта оралған соң, депутат «Атырау су арнасы» ұжымымен кездесті. Мұнда су шаруашылығына қатысты көкейкесті мәселелер талқыға салынды. Су құбырларын жаңарту, заманауи технологияларды пайдалануға көшу, энергияны үнемдейтін құралдарды орнату мәселелері сөз болды.

Сонымен қатар депутат кеше Атырау облыстық кәсіподақ федерациясының мүшелерімен жүздесті. Бұл кездесуге 120-дан астам адам қатысты. Мәжіліс депутаты Парламенттің заң шығару қызметі, өңірлерді дамыту және экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде өз ойларын ортаға салды. Депутатқа қойылған сұрақтар да аз болған жоқ. Әсіресе, кәсіподақтың бүгінгі таңдағы рөлі туралы ортақ мәселе көтерілді. Тұрғындар тарапынан көп жағдайда өз құқығын қорғау кезінде жұмысшы емес, жұмыс берушілер жеңіп кетіп жататыны айтылды. Депутат өзі сайланғанға дейін Қарағанды облысындағы «Теміртау Арселор Миттал» АҚ-ның кәсіподағы қандай қызмет атқарғанын және комбинат жұмысшыларының құқығын қорғаудағы рөлін айта келіп, тәжірибе алмасу қажеттігін еске салды. Депутат сұрақтарға жауап бере келіп, кейбір министрліктерге қатысты мәселелерді өтініш білдірушілердің жазбаша өз атына жіберуін және оны Парламент қабырғасында талқыға салатынын жеткізді. Кездесу пікір алмасу жағдайында өтті.

Сондай-ақ депутат халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. «Мен осы орталықта электронды үкімет арқылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдадым. Еліміздің әрбір азаматы министрге осылай өз өтінішін жолдай алатынын айттым»,- дейді депутат.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Андрей Бегенеев Атырау қаласында бірқатар кездесулер өткізетінін жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан темір жолының облыстық бөлімшесінің және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен кездеседі. Шағын және орта кәсіпкерліктің бүгіні мен келешегі туралы мәселені өңірдегі кәсіпкерлермен болатын кездесуде талқыға салатын болады. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалында азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар