Мәжіліс дербес деректер туралы құжатты екінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Дербес деректер туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат енді Парламент Сенатына жолданады.

  Мәжіліс дербес деректер туралы құжатты екінші оқылымда мақұлдады

Аталған заң жобасын әзірлеу дербес деректерді жинауды, жүйелендіруді, жинақтауды, сақтауды, жаңартуды, өзгертуді, пайдалануды, жоюды қоса алғанда дербес деректермен жұмыс істеу тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігіне байланысты туындаған.

Бұл ретте, адамның дербес деректерін жеке өмірі туралы мәліметтерге жатқызуға болады. Себебі, олар осындай ақпараттың негізінде анықталатын жеке тұлғаға қатысты ақпаратты білдіреді. Алайда, қолданыстағы заңнамада дербес оның ішінде биометриялық деректердің құқықтық жағдайы реттелмеген. Ал, тиісті тетіктердің болмауы дербес деректерді қылмыстық мақсаттарда теріс пайдалануға, оны ішінде жалған құжаттар жасауға, алаяқтыққа, әртүрлі көшірмелер жасап таратуға алғышарттар жасайды. Осыған байланысты заң жобасында азаматтың дербес деректерін өңдеген кезде оның құқықтары мен бостандықтарын, жеке өмірі мен отбасы құпиясына қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар дербес деректерді олардың қолданылу саласына қарай жалпыға бірдей қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі деген түрлерге бөлуді ұсынды.