Мәжіліс дербес деректерді қорғау жөніндегі жобаға Сенат енгізген өзгерістерге келісім берді

АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қарады.

Мәжіліс дербес деректерді қорғау жөніндегі жобаға Сенат енгізген өзгерістерге келісім берді

Нәтижесінде Мәжіліс Сенат енгізген түзетулерге келісім берді.

Еске салсақ, аталған заң жобасының мақсаты адамның және азаматтың дербес деректерін жинау және оны өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. Заң жобасы дербес деректерді жинауға, өңдеуге және қорғауға байланысты субъект, меншік иесі, оператор және үшінші тұлға арасындағы қатынастарды реттейді. Сондай-ақ, дербес деректерді жинау және өңдеу, олардың қорғалуы қамтамасыз етілген жағдайда ғана жүзеге асырылатын кезде дербес деректердің мемлекеттік қорғалуына кепілдік беріледі.

Талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған құжатқа сенаторлар бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтсақ, дербес деректерді субъектінің келісімінсіз жинауды, ондай деректердің қорғалуы қамтамасыз етілмейтін шет мемлекеттерге арнайы халықаралық шарттарды қабылдаған кезде ғана беруді көздейтін өзгерістер енді. Бұл ретте сенаторлар нысаны адамның және азаматтық құқығы мен бостандығы болып табылатын халықаралық шарттар ратификациялауға жататынын алға тартады. Мәжіліс редакциялық нақтылау сипатындағы мұндай түзетулерге келісімін берді.