Мәжіліс экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру

Мәжіліс экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын тұжырымдамалы түрде бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы бүгінгі таңда төменгі және жоғары шек арасында үлкен алшақтық орын алып отырған ҚР Қылмыстық кодексінің нақты баптарының санкцияларындағы көпнұсқалықты қысқартуға, қылмыстық қудалау органдарының сотқа дейінгі қызметінің іс жүргізу нысандарының бірі ретінде тергеуалды тексеру жүргізу тәртібін реттеуге әрі қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталды. «Заң жобасы бірқатар міндеттерді шешеді. Біріншіден - экономикалық қызмет аясындағы қылмыстық заңнама одан әрі ізгілендіріле түседі. Екіншіден - жекелеген құқық бұзушылық түрлері бойынша заңнама жетіледі. Үшіншіден - құқық қорғау органдарының қызметі барысындағы белгілі болған олқылықтарды жою қарастырылады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоганн Меркель. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша экономикалық қылмыс жасаған тұлғалар егер өздерінің келтірген залалын толық өтесе, оларды бас бостандығынан айырмау туралы нормалар қарастырылған.

Бас прокурор орынбасарының сөзіне қарағанда, ұсынылған түзетулер өз күшіне енгеннен бастап, бас бостандығынан айыру үкіміне келісетін адамдардың саны едәуір азаймақ. Сонымен бір мезгілде, экономикалық қылмыс жасаған тұлғалар жазадан құтылмайды, оларға ірі мөлшерде айыппұл немесе 45 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаулар жазасы тағайындалады.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар экономикалық қылмыстарды ырықтандыру бөлігінде қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге және айыппұлдың мөлшерін ұлғайта отырып, экономикалық салада құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар түзетулер енгізді.