Мәжіліс электр энергетикасы мәселелеріне арналған заң жобасын талқылайды
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - 28 наурыз, сәрсенбі күні, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі
мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланады. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.
Аталған заң жобасы бойынша депутаттар алдында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасайды.
Сонымен қатар, жалпы отырыста ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнімді өндіруге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндама жасайды.
Осы мәселелермен бірге Үкіметтен келіп түскен «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралады. Заң жобасы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілмек.
Сондай-ақ, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөніндегі ұсыныстары қаралады.