Мәжіліс еңбек көші-қоны мәселелеріне арналған заң жобасына Сенат енгізген ұсыныстармен келісті

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді талқылады.

Мәжіліс еңбек көші-қоны мәселелеріне арналған заң жобасына Сенат енгізген ұсыныстармен келісті

Еске салсақ, заң жобасы еңбекші көшіп келушілерді заңдастыруға және көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған. Құжаттың басты мақсаты еңбек иммигранттарын заңдастыру, көші-қон үдерісіндегі мемлекеттік реттеу мәселелерін жетілдіру болып табылады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларда жұмыс істеу үшін еңбек мигранттарына рұқсат беру тәртібі айқындалады. Заң жобасымен еңбекші көшіп келушілерге жеке табыс салығын айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінде төлем жасауын енгізу мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ, егер де еңбекші көшіп-қонушы жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы сомасының алдын ала төлемінен асып кеткен жағдайда салық комитетіне жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыруы қарастырылған. Сонымен қатар, уәкілетті орган еңбекші көшіп-қонушы ретінде бекіткен мерзім мен сипаты бойынша рұқсат берілген салық төлеушінің тұрағы туралы мәліметтерді салық қызметтері органдарына беруге ішкі істер органдары міндеттеліп отыр.

Түйіндей айтсақ, құжатқа енгізілген өзгерістердің арқасында елімізге келіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктер заңдастырылады, олардың елде болуын бақылаудың тиімділігі артады. Сондай-ақ, кез келген қазақстандық жеке тұлға үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беріледі. Еңбек мигранттарына енгізілетін салықтың арқасында бюджетке түсетін түсім ұлғаяды.

Айта кетерлік тағы бір мәселе заң жобасында этникалық қандастарымыздың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін елімізде міндетті түрде бес жыл тұру мерзімі белгіленген болатын. Қоғамда түрлі пікірлер тудырған осы мерзімді Сенат төрт жылға дейін төмендетті.

Мәжіліс Сенат ұсынған түзетулерге келісімін беріп, құжатты қабылдады.